Қазақстандықтар Қытай мен Мажарстанда тегін оқи алады- Саясат Нұрбек
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің facebook парақшасында үкіметаралық келісімдер шеңберінде қазақстандықтар Қытай мен Мажарстанда тегін оқи алатынын жазды.
«Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі мен Мажарстан Сыртқы экономикалық байланыстар және Сыртқы істер министрлігі, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Білім министрлігі арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімдер шеңберінде қазақстандықтар жетекші университеттерде жоғары білім ала алады»,– деп жазды министр.
Оның айтуынша, Мажарстан 2024-2025 оқу жылына арналған «Stipendium Hungaricum» бағдарламасы бойынша 250 грант ұсынады: бакалавриатқа 110 орын, магистратураға 90 орын, бакалавриат+магистратураға 30 орын, докторантураға 20 орын.
Ал Қытай үкіметі бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламалары бойынша 155 оқу грантын ұсынады.
Екі грант та келесі шығындарды жабуды көздейді:
• тегін оқыту;
• ай сайынғы стипендия («Stipendium Hungaricum»: бакалавриат HUF 43.700, докторантура – HUF 140.000 (алғашқы 4 семестр) және HUF 180.000 (екінші 4 семестр), Қытай: бакалавриат – 2500 юань, магистратура-3000 юань, докторантура – 3500 юань);
• жатақханада тұру;
• медициналық сақтандыру.
Қалған шығындарды грант иегері өз бетінше өтейді.
Үміткерлер келесі турлардан өткеннен кейін таңдалады:
• тәуелсіз сараптама комиссиясының мүшелерімен, оның ішінде онлайн режимінде дербес әңгімелесуін өткізу;
• үміткерлердің материалдарын қарау және қорытынды комиссияның шешім қабылдауы.
Конкурстық іріктеудің негізгі критерийлері:
• шет тілін білу деңгейі;
• білім туралы құжаттың орташа балы;
• сараптама жүргізген тәуелсіз комиссияны бағалау.
«Құжаттарды қабылдау 2024 жылғы 31 қаңтарға дейін (қоса алғанда) «Электрондық Үкімет» порталы арқылы жүргізіледі (Egov.kz немесе «Халықаралық бағдарламалар орталығы» офисінде офлайн (Астана қ., Сығанақ 70). Қытайға конкурстық іріктеуге қатысуға үміткерлер 2024 жылғы 29 қаңтарға дейін Қытай стипендиялық кеңесінің сайтында онлайн-тіркеуден өтуі тиіс», – делінген хабарламада.
Бұған дейін Саясат Нұрбек еліміздегі ғылыми кадрлардың саны – 22 456 адам екенін мәлімдеген.
«Зерттеушілердің 37%-ы ғылыми және академиялық дәрежеге ие. Бұл көрсеткіш жоғары емес. Ғылымдағы жастарға келсек, жағдай жаман емес. 35 жасқа жейін жас ғалымдардың үлесі – 34%, негізгі топ – 43% (35-54 жас аралығындағы ғалымдар), 55 жастан жоғары ғалымдар – 23%. Бірақ ғылыми зерттеу институттарының басшылығына келсек, мұнда басшы кадрлардың қартаюын байқап отырмыз. Ғылыми зерттеу институттары басшыларының орташа жасы – 59 жас», – деді Саясат Нұрбек.
Елдегі академиктердің орташа жасы – 69 жас. Жалпы бірнеше ведомствоға қарайтын Денсаулық сақтау министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Мәдениет және еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Сауда және интеграция және тағы басқа ғылым институты бар.