АЭС салу жөніндегі референдум қашан өтетіні белгісіз – Энергетика министрлігі

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
АЭС салу
АЭС салуға қатысты рефердум қашан өтеді? shutterstock

Қазақстанда Атом электр стансиясын салуға қатысты республикалық референдум қашан өтетіні белгісіз. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев мәлімдеді.

«Референдум өтетін күн әзірге белгісіз. Ол күнді Орталық сайлау комиссиясы бекітеді», – деді ол.

Энергетика министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Ілиясов алдымен мемлекет басшысы референдум өткізу жайлы қаулы қабылдап, сосын Орталық сайлау комиссиясы нақты күнін белгілейтінін айтады.

2023 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елімізде Атом электр станциясын салу-салмау мәселесі жалпыұлттық референдум арқылы шешіледі деп мәлімдеген.

Президент атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екеніне тоқталып, Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет ретінде «өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар» деп мәлімдеді.

«Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем. Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Атом электр станциясын салуға қатысты алғашқы қоғамдық талқы Алматы облысының Үлкен ауылында 22 тамызда өткен болатын. Жалпы алғанда халықтың пікірі екіге бөлінген. Билік өкілдері халықты АЭС салудың еш зияны жоқ дегенге сендірсе, Алматыдан арнайы келген белсенділер мен экологтар зияны көп екенін айтты.

Ал «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Нұрлан Жақыпов Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын жоспарлауда біршама қиындықтар бар екенін алға тартады. Оның айтуынша, елде АЭС салу үшін бірінші кезекте мол көлемде су қажет.

Британдық New Nuclear Watch Institute (NNWI) өкілдігінің жетекшісі Бауыржан Ибраев Қазақстанда АЭС салынса, Өзбекстан ядролық отын жеткізуге мүмкіндігі бар екенін атап өткен.

Бұған дейін Ибраев Қытай АЭС-ті екі есе арзанға салып бере алатынын, бірақ оның ұсынысы өтпегенін айтқан. Шығыстағы көрші АЭС-ті ел үкіметі қарастырып отырған 6 млрд доллардан екі есе арзан: 1,2 ГВт бір блокты 2,3 миллиард долларға салып беруі мүмкін еді.

Энергетика министрлігі бастапқыда бір 1,2 ГВт қондырғының құны 5 млрд доллар және екі блокты (2,4 ГВт) бүкіл станция үшін 10 млрд доллар қажет екенін мәлімдеген. Жыл соңына қарай 12-15 млрд долларға тең цифрлар айтылып жатыр.

Қазір «Самұрық-Қазына» қоры Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысына қаржы тартудың жолын қарастырып жатыр. Оның қатарында станция құрылысын Ұлттық қор есебінен қаржыландыру бар.

Сондай-ақ оқыңыз