2023 жылы AIX-тегі сауда-саттық көлемі 3 есе өскен

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
 AIX-тегі сауда-саттық көлемі

AIX-тегі сауда-саттық көлемі қанша? Фото: AIX

Astana International Exchange қызметінің 2023 жылғы нәтижесі бойынша, AIX-тегі жиынтық сауда-саттық көлемі $582 млн құраған. 2022 жылы сауда көлемі $173 млн болған, яғни алдыңғы жылмен алыстырғанда үш есе өскен.

Бұл туралы биржаның баспасөз қызметі хабарлайды.

Пайыздық мөлшерлеме жоғары болғанына қарамастан, AIX үшін 2023 жыл көптеген параметр: листинг саны, сауда-саттық және бизнес тартқан капитал көлемі бойынша рекордтық жыл болды.

AIX Qazaq Index биржалық индексі былтыр 948.36-дан 1217.38 тармаққа дейін жетіп, 28.37% өсім көрсеткен.

Қазіргі кезде AIX ресми тізіміне 95 түрлі эмитенттің 150 бағалы қағаз шығарылымы бар.

Биржа іске қосылғаннан бері тартылған жалпы борыштық капитал көлемі $4,2 млрд құраса, тартылған үлестік капиталдың көлемі $365 млн жеткен.

Сауда алаңында 37 сауда мүшесі, соның ішінде Қазақстан, Қытай және еуропа елдерінің брокерлері бар AIX Орталық депозитарийіндегі жеке азаматтардың есеп-шот саны 1,5 миллионнан асқан.

2023 жылдың 9 айында Астанадағы AIX биржасында сауда-саттық көлемі 83% өскенін жазған едік.

Биржадағы былтырғы басты жаңалық – Polymetal International plc. бастапқы листингінің AIX биржасына ауыстырылуы және АХҚО-ға редомициляциясы болды.

Polymetal International plc. алтын өндіруші компания өз акцияларының бастапқы листингін Лондон қор биржасынан AIX-ке ауыстырған және АХҚО-ның арнайы құқықтық юрисдикциясында тіркелген алғашқы эмитент болды. Қазіргі уақытта нарықтық құны $2 млрд болатын Polymetal  – АХҚО-да тіркелген ең ірі компания және AIX-те саудаланатын ең ірі тау-кен компаниясы.

Редомициляция кезінде Polymetal-дың Ұлыбритания, АҚШ, Еуропа және басқа да юрисдикциялардағы 4000-нан астам акционері POLY акцияларын AIX CSD мен AIX Регистраторына аударды.

«2023 жылдың қыркүйек айында POLY акциялары бойынша мәмілелердің орташа тәуліктік көлемі $150 мыңнан асты. Polymetal акциялары бойынша мәмілелердің бір күндік көлемінің ең жоғарғы көрсеткіші $805 мыңға жетті, ал редомициляцияға дейін күнделікті көлем орташа есеппен $64 мыңды құраған болатын», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында еліміздегі екі қор биржасы – AIX пен KASE-ні біріктіріп, бір жерден басқару мәселесін көтерген еді. Президенттің айтуынша, олар жұмыс барысында көбіне бірін-бірі қайталайды, тіпті өзара бәсекеге түсіп жатады.

Жақында KEGOC компаниясының акциялары AIX Qazaq индексіне енді.

Сондай-ақ оқыңыз