2024 жылы көлік бағасы қанша пайызға өседі – сарапшылар болжамы
2024 жылы көлік бағасы 12%-дан 17%-ға дейін өсуі мүмкін. Бұл туралы Freedom Finance Global баспасөз мәслихатында компанияның талдаушысы Аңсар Әбуев айтты.
Freedom Finance Global компаниясының Қазақстан автонарығына жасаған талдауына сүйенсек, автокөлік нарығының өсу қарқыны 2024 жылы инфляцияның төмендеу қарқынымен бірге бәсеңдейді деп күтіледі. Алайда бұл көрсеткіш жергілікті нарық үшін бәрібір қымбат болып қалады.
«Кредиттеудің әсерін біз әзірге орташа позитивпен бағалаймыз, мөлшерлемелер төмендеуі тиіс, бұл автокөліктің қолжетімділігін жақсартады. Сондай-ақ арнайы ұсыныстардың, жеңілдіктердің және қысқа мерзімді бөліп төлеудің санын ұлғайтуды болжап отырмыз. Алайда жалпы ЕДБ-ның кредиттері бойынша мөлшерлемесі 10%-дан жоғары болып қалады, ал жаңа жеңілдікті жаппай кредиттеу бағдарламасы пайда болуы екіталай», – делінген компания зерттеуінде.
Компания зерттеуіне қатысқан респонденттердің басым бөлігі алдағы жылы жеңіл автомобильдерді сатып алуға деген сұраныс артады – 53,9% деп болжайды. Респонденттердің төрттен бірі (25,4%) жеңіл автомобильдерге деген сұраныс өзгеріссіз қалады деп үміттенеді. Зерттеуге қатысушылардың 9,1%-ы алдағы жылы сұраныс төмендеуі мүмкін деп санайды.
Зерттеуге қатысушылардың 57,3%-ы алдағы жылы автомобиль кредитіне деген сұраныс артатынын айтады. Оның үстіне, 25-34 жасқа дейінгі (37,4%) орта жастағы респонденттер сұраныстың айтарлықтай өсетініне сенімді.
Сарапшылар болжамына сай, Hyundai және Chevrolet брендтері нарықтағы көшбасшылық позицияларын сақтап қалады. Алайда Қытай автомобильдері 2023 жылға қарағанда арта түспек.
Сонымен қатар, елдегі электркарлардың өсу қарқыны әсерінен қызмет көрсету желілері де дами түспек. Сарапшылар жеке сатушылар да, диллерлер де қытайлық электркарлар модельдерді сатуды кеңейте түседі деп күтеді.
Қазақстан бойынша ең жаңа көліктер Астана қаласы мен Атырау облысының автопаркінде тіркелген. Ал ең ескі автокөліктер Жамбыл мен Жетісу облыстарында тіркелген. Елдегі автомобильдердің орташа жасы 14,3 жылды құрайды.