Қазақстанның басқару элитасының рейтингінде Ерлан Қошанов ең жоғары балл жинаған / Коллаж: kursiv.media
Қазақстанның басқару элитасының рейтингінде бірде-бір мемлекеттік институт 4 баллдық межеден аса алмады. Шенеуніктердің жұмысы 1-ден 7 балға дейінгі аралықта бағаланды. Бір – ең төменгі, жеті – ең жоғары сипаттамалық көрсеткіш болды.
«Стратегия» әлеуметтік-саяси зерттеу орталығы» қоғамдық қорының сарапшылары жариялаған басқару элитасының 2023 жылдың IV тоқсанындағы қорытындысында саяси тұлғаларға ғана емес, институттарға да баға берілді.
Айта кетейік, бұл рейтинг 2009 жылдан бері түзіліп келеді. Осы жолы Мәжіліс 3,75 баллмен көш басына шықты. Сарапшылардың айтуынша, бұған Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың саяси беделі ықпал етті. Спикердің өзі 4,16 баллға ие болып, барлық көрсеткіш бойынша үздік үштіктен көрінді.
«Спикер Мәжілісті нығайтып, депутаттарға ашық пікір білдіруге мүмкіндік беретін сындарлы жүйе құрды. Шешім қабылдау процесінде Мәжілісті маңызды ойыншыға айналдырды. Бір мандатты округтерден сайланған депутаттарды назарға ала отырып, конструктивті жүйеге бір табан болса да жақын жүйе қалыптастырды. Дегенмен халық қалаулыларының кәсібилігіне қатысты сұрақ өзектілігін жойған жоқ», – деген байлам жасады сарапшылар.
Олар Ерлан Қошановтың қарапайымдылығына ерекше назар аударып, оны Үкімет басшысының лауазымына лайық тұлға деп таныды.
Бірқатар сарапшылар Мәжіліс спикері Парламент бекіткен Әлихан Смайылов басқаратын үкіметтің қызметіне жауапты екенін, өйткені ол Ерлан Қошанов жетекшілік ететін Аmanat партиясының сайлауалды уәдесін орындауға тиіс екенін алға тартты.
Мамандар Мәжіліске лоббизм туралы заңды қайта қарауды ұсынды. Олардың пікірінше, заң шығару процесінде жекелеген әлеуметтік-экономикалық топтардың мүддесін алға ілгерілету белгісі байқалуда.
Мемлекеттік кеңесші, Қазақстанның қазіргі бас идеологы Ерлан Қарин рейтингте 3,55 баллмен екінші орында тұр. Жоғары нәтижеге қарамастан, сарапшылар Мемлекеттік кеңесшінің қызметіне сын садағын тартты.
Олардың айтуынша, мемлекеттік кеңесші стратегиялық міндетке емес, тактикалық мәселеге көп көңіл бөліп жүр.
«Мемлекеттік кеңесші көптеген тактикалық мәселені «қолмен» басқарады. Стратегиялық мәселеге көбірек көңіл бөлгені дұрыс болар еді», – дейді сараптамалық зерттеудің авторлары.
Олар Ерлан Қариннің беделі зор деп есептейді, бірақ бұл өкілеттік әкімшілік ресурсқа негізделгенін айтады.
«Қарин – сөзін, түсініктемесін мектептер мен университеттерде тарату міндетті саналатын санаулы шенеуніктердің бірі. Оның беделі зор, бірақ бұл бедел әкімшілік ресурқа негізделген», – деген байлам жасайды сарапшылар.
Сенат 3,48 баллмен үшінші орынға табан тіреді. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев 3,74 ұпай жинап, жоғары палатаның салмағын арттыра түсті.
Сарапшылар Сенат төрағасы лауазымы Мәулен Әшімбаевты Қазақстанның саяси иерархиясындағы екінші тұлғаға айналдырып отырғанын тілге тиек етіп, оның беделінің зор болмауы мүмкін емес екеніне назар аударды.
«Мәулен Әшімбаев жалдамалы менеджер емес, саяси салмағы ауыр адам. Сенат жанындағы «Талдау мектебі» бастамасы оң бағаланады. Ал Сенаттың қызметiне келетін болсақ, «Көне Қазақстанның» жәдiгерi сияқты. Өйткені Қазақстанның саяси жүйесiнде Сенаттың рөлi мүлде тиiмсiз. Сенат пен сенаторлардың жоғары формальды мәртебесі оларды унитарлы мемлекеттің саяси институты ретінде көрсетеді», – деді «Стратегия» әлеуметтік-саяси зерттеу орталығының өкілдері.
Басқару элитасының рейтингінде Сенат депутаттары қоғамдағы белгілі бір оқиғаларға пікір білдіруші ретінде көрсетілген.
Жоғары аудиторлық палата 3,43 баллмен төртінші орынға орналасты. Оның төрағасы Наталья Годунованың беделі 3,61 баллмен бағаланды.
Сарапшылар Наталья Годунова атқарып отырған істі мақұлдап, Жоғары аудиторлық палатаға анықталған заңсыздықты тексеру өкілеттілігін беру қажеттігін алға тартты.
Сыртқы істер министрлігі 3,38 баллмен бесінші болды. Министр Мұрат Нұртілеудің абыройы мен беделі рейтингте 3,5 балл жинады.
Сарапшылардың бір тобы «Сыртқы істер министрлігін үкіметтегі ең кәсіби құрылым, 2023 жылдың ең үздік министрлігі» деп бағаласа, екінші тобы аты аталған ведомстваны соңғы жылдардағы «ең жабық» мекеме деп сынады.
Мықты менеджер кім?
Сарапшылар тиімді жұмыс атқаратын басшылардың ондығын анықтап, бірінші орынға Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты қойды. Екінші орын Жоғарғы аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годуноваға берілді. Үшінші орын Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуге бұйырды. Президент әкімшілігінің басшысы Олжас Бектенов – төртінші, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин – бесінші, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев – алтыншы болды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты Ермек Сағымбаев жетінші орынға жайғасты. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің басқару қабілеті сегізінші орынға лайық деп танылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали тоғызыншы орыннан көрінсе, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ең тиімді менеджерлердің ондығына орналасты.
Антирейтинг
Мамандар міндетін мінсіз, қызметін қалтықсыз атқара алмай отырған ең нашар басшы ретінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты көрсетті. Сарапшылардың көзіне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров пен Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятта жақсы жағынан көріне алмады.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Жандос Шаймарданов, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ТОП-10 тізімінен табылмады.
«Ашық« және «жабық»
«Ақпараттық ашықтық» параметрі бойынша ТОП-10-да бірінші орынды Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева иеленді. Екінші орын – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринде. Үшінші орын – Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың еншісінде.
Томаға-тұйық, өзімен-өзі жүретін «жабық» басшылардың көшін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров бастады. Екінші орынға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов орналасты. Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов үшінші орынды иеленді.
«Беделді» һәм «беделсіз» басшы
Сарапшылар Мәжіліс спикері Ерлан Қошановты ең «беделді» басшы деп атады. Екінші орынға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин лайық болды. Сенат спикері Мәулен Әшімбаев үшінші орынды місе тұтты.
Өкінішке қарай, зерттеуді жүргізген жандар Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевты, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Жандос Шаймардановты және Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятты ең «беделсіз» басшылардың қатарына қосты.