Электр энергетикасы: 2029 жылға дейін салаға 18 трлн теңге инвестиция тартылады

Жарияланды
Электр энергетикасы

2029 жылға дейін электр энергетикасы саласына 18 трлн теңге инвестиция тартылады. Бұл жайлы Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.

Министр елімізде 220 электр станциясы жұмыс істейтінін, оның ішінде жалпы қуаты 2,8 ГВт болатын 144 ЖЭК объектісі бар екенін айтты.

«Өткен жылы қуаты 495,6 МВт болатын тағы 16 ЖЭК объектісі  іске қосылды. Станция жабдықтарының орташа тозу деңгейі 56 пайызды құрайды», деді министр.

Сәтқалиев Энергетикалық қауіпсіздікті сақтау, ел экономикасы мен халқын сенімді энергиямен жабдықтау қажеттігін, сондай-ақ электр энергиясын тұтынудың жыл сайынғы өсуін ескере отырып, жаңа энергия қуаттарын енгізу және қолданыстағы электр станцияларын жаңғыртуды жүзеге асыру маңызды екенін айтты.

Ол біртұтас электр энергетикалық жүйедегі электр қуаты тапшылығының көлемі 6 ГВт-тан асатынын, оның ішінде шамамен 4 ГВт – жаңа қуаттар екенін атап өтті. Энергетика министрлігі осы тапшылықты жабу және экспорттық әлеуетті ұлғайту үшін Электр энергетикасы саласын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеген.

«Мұнда қосымша шамамен 26 ГВт жаңа қуаттарды енгізу қарастырылады. Бұл жоспар бұрын Президент жанындағы Энергетикалық кеңес отырысына шығарылған. Кейін, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын ескере отырып пысықталды. Мәселен, жұмыс істеп тұрған электр станцияларын реконструкциялау және кеңейту есебінен қосымша 5,6 ГВт іске қосылатын болады»,– деді министр.

Сондай-ақ жоспарда қуаты 6,7 ГВт жаңа генерация салу көзделген. Маневрлік генерацияны іріктеу бойынша аукциондық сауда-саттықты өткізу аясында Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Тараз, Қызылорда, Шымкент қалаларында жалпы қуаты 2,4 ГВт газ станцияларын салу жоспарланған. Жезқазған қаласында 2029 жылдың соңына дейін қуаты 500 МВт жаңа жылу электр орталығын салу көзделген. Мұнымен қатар қуаты 5 ГВт ауқымды жобалар стратегиялық инвесторлармен пысықталып жатыр.

Жылу желілерін кім қадағалайды?

Бұл саладағы жобаларды 2029 жылға дейін жүзеге асыру үшін 18 трлн теңгеден аса инвестиция кетеді.

«2029 жылға дейін күтілетін инвестиция көлемі 18 трлн теңгеден асады. Осы жобаларды іске асыру энергия жүйесіндегі тапшылықты жоюға және қажетті қуат резервімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,– деді Сәтқалиев.

Сонымен бірге министр жылу энергетикасы саласындағы мәселелерді реттеу мақсатында министрлік тарапынан «Жылу энергетикасы туралы» жеке салалық заң әзірленгенін айтты. Оған сәйкес жылу желілерін қадағалау Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің құзыретіне өтеді.

«Заң жобасында Кәсіпкерлік кодекстен электр және жылу энергетикасы саласындағы бақылау жүргізу тәртібін алып тастау арқылы бақылау функцияларын күшейту бойынша нормалар көзделген. Сондай-ақ жылу желілеріндегі бақылау функциялары жергілікті атқарушы органдардан Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетіне ауысады»,– деді министр.

Осыған орай Энергетиканың цифрлық платформасы құрылады. Ол арқылы бүкіл салаға мониторинг жүргізіледі. Бұл қажетті шараларды әзірлеу мақсатында шоғырландырылған ақпарат жинауға және саланы талдауға мүмкіндік бермек.

Өз кезегінде үкімет басшысы Әлихан Смайылов энергетика саласында мамандар тапшы екенін, ол мәселені шешу үшін қандай шаралар жүзеге асырылып жатқанын сұрады. Министр бұл мақсатта арнайы жол картасы әзірленгенін және гранттың бағдарламалар жүзеге сарылып жатқанын айтты.

«Электр энергетикасы саласында жалақы мөлшерін көбейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылы жаолақы мқлшерін 18%-ға көтердік. Қазіргі таңда бұл саладағы орташа жалақы көлемі 425 мың теңгені құрайды. Электр энергиясын тарату және бөлу саласындағы қызметкерлердің жалақысы 11%-ға көбейіп, орташа жалақы мөлшері 280 мың теңгені құрайды»,– деді министр.

Айта кетейік, 2024 жылы коммуналдық тарифтер де қымбаттайды. Қымбатшылық көрсеткіші 15-30%-ға жетуі мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеген.

«Коммуналдық тарифтер әр өңір, нысан, инфрақұрылымның тозуына байланысты әртүрлі қымбаттайды. Баға 15-30 пайыз көтеріледі», – деген Әлібек Қуантыров.

Ол коммуналдық саланың барлығы: электр энергиясы газ, су, кәріз, жылу бағасы кезең-кезеңімен қымбаттайтынын нақтылаған. 

Сондай-ақ оқыңыз