Жаңалықтар

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне реформа қажет –Антониу Гутерриш

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш тағы да халықаралық институттарды, соның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалауға шақырды. Оның айтуынша, олар ескірген және қазіргі әлемнің маңызды мәселелерін шешпейді. Бұл туралы ол Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда мәлімдеді.

«Жаһандық басқарумен айналысатын институттар 80 жыл бұрын құрылған. Біз немерелеріміздің болашағын аталарымызға арналған жүйемен құра алмаймыз», – деді Гутерриш.

Бас хатшы БҰҰ биыл реформалау үдерістеріне көбірек көңіл бөлетінін айтты. Сондай-ақ, қыркүйек айында қазіргі заманның өзекті мәселелеріне арналған Болашақ саммиті өтеді.

Гутерриштің айтуынша, саммитте халықаралық қаржы архитектурасының қажетті реформалары қаралатын болады.

Күні кеше Володимир Зеленский Давоста өтіп жатқан Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысуға барғанын хабарлаған болатынбыз. Басылымның жазуынша Украинадағы шиеленіс тынбай, майдандағы жағдай өзгермегендіктен, саясаткер Швейцарияға дипломатиялық дискуссияда бейбіт келісім мүмкіндігін қарастыруға келген.

Қаржы мен бизнес әлемінің элитасы бас қосатын жиында Зеленский «Бейбітшілік формуласы» деп атаған бастамасын таныстырмақ. Бұл бастаманы бүгінге дейін ондаған мемлекет қолдап үлгерген. Дегенмен ондыққа Ресей кірмепті. Яғни Мәскеу оның шарттарын қабылдамады. Сонымен қатар Ресей ресми емес өкілдері арқылы Владимир Путиннің атысты тоқтату туралы келісімге әзір екенін жеткізді. Алайда Украина түбегейлі шешімі жоқ уақытша келісімдерді қанағат тұтпайтынын мәлімдеді. Өйткені Украина Ресей мұндай уақытша паузаны қайта топтастыру мен жаңа шабуылдарды жоспарлау үшін қолдануы мүмкін екенін айтады.

Дүйсенбіде Швейцария украиналық жоспарды назарға алып, маңыз беруге келісті. Тіпті ел президенті Виола Амхерд Зеленскиймен кездесуден кейін, биыл «Бейбітшілік формуласын» қолдайтын елдер саммитін ұйымдастыратынын  хабарлады.