«Қазақфильм» киностудиясын жаңғыртуға инвестор тартылады – Балаева
Министр Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының даңқы қайтарылатынын айтты / Коллаж: kursiv.media
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының басшылығы киностудия алаңын таксопарк ретінде пайдалануына қатысты пікір білдірді.
Министр киностудия жағдайының нашарлап кетуіне, фильмдердің тікелей мемлекеттен қаржыландыру тәртібінің өзгергенімен байланыстырады. Яғни бұрын киностудия тікелей мемлекетттік тапсырыстармен жұмыс істеген болса, қазіргі таңда қандай да бір фильм түсіру үшін Ұлттық кино орталығынан қаржыландыру алу үшін конкурсқа қатысуға тиіс.
«Аты аңызға айналған Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының айналасында туындаған кейбір мәселелердің басын ашып, тоқталып өткенді жөн көрдім. Бұл ең алдымен қаржылық, әкімшілік, экономикалық, инфрақұрылымдық сипаттағы жылдар бойы жиналған жүйелі проблемалар. Оған бірден бір себеп – осы уақытқа дейін киностудияның өзін-өзі қамтамасыз етуге, табыс табуға заңдық тұрғыда мүмкіндігінің болмауы. Өздеріңізге мәлім, 2019 жылдан бері еліміздегі кино түсіру құзыреті заңды түрде Ұлттық киноны қолдау орталығына берілген. Өз кезегінде «Қазақфильм» осы орталық қаржыландыратын жобаларға көппен бірге, жалпы ережеге сәйкес қатысып келді. Нәтижесінде байқау талаптарына сай бөлінген қаражат киностудияның тек шығармашылық шығындарына ғана жұмсалып, оның басқа шаруашылық мәселелері назардан тыс қалып отырды. Сөз жоқ «Қазақфильм» болашағы – ол бүкіл отандық киноиндустрияның болашағы»,– деді министр.
Балаева Мәдениет және ақпарат министрлігі қордаланып қалған мәселені шешуге нақты шаралар қабылдап жатқанын мәлімдеді.
Біріншіден, пичингтардағы комиссия жұмысын тиімділігі мен ашықтығы, бәсекеге қабілеттігін арттыру көзделген.
«Егер бұрындары жобалар мемлекеттік тапсырыс арқылы түсірілген болса, қазір түрлі тақырыптағы сценарийлер байқауын жарияладық. Бұрын барлық жобаны эксперттік бір топ саралайтын болса, енді әрбір кино, деректі фильм, анимация бойынша қатысушылардың өтініштерін жеке сарапшылар тобы бағалайды», – деді министрлік басшысы.
Министрлік киностудия жағдайын реттеу үшін Кино туралы Заңға өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр. Заң өзгерсе, киностудияға инвесторлар тартылады.
«Екінші қадам – кино туралы заңға түзетулер енгізу. Атап айтқанда, «Қазақфильмге» фильмдер түсіру, фестивальдар ұйымдастыру, дубляж жасау құқығын және басқа да жаңа мүмкіндіктерді заңды түрде бекіту керек. Үшіншіден, инфрақұрылым мәселелерін шешуді ертеңге қалдырмай, бүгін бастау керек. Қазір екі түсіру павильонын жаңарту бойынша конкурстық рәсімдер жасалды. Ендігі жерде киностудия инфрақұрылымы мен жабдықтарын жөндеуге қаражат салатын инвестор табу керек. Оның міндетіне нысанды толығымен ретке келтіріп, көркейтіп, көгалдандыру секілді кешенді жұмыстар кіреді»,– деді министр.
Ал халық арасында шу тудырған жер телімдеріне қатысты алып-қашпа әңгімеге қатысты министр, жердің сатылмайтынын айтты.
«Ал енді қоғамдық резонанс тудырған жер теліміне келсек, жер телімі мемлекет меншігінде және ешкімге, ешқандай жағдайда, ешқандай мақсатқа берілмейді. Сондықтан да бұл жөнінде жалған ақпарат тарату, қандай да бір артық сөз айтуды – орынсыз деп есептеймін. Әрине, «Қазақфильмге» қатысты қоғамның жанашырлығы дұрыс әрі орынды. Өйткені кино – ұлттық идеологиямыз бен рухани келбетімізді әлемге әйгілеудің айнымас құралы. Сол себепті Мәдениет және ақпарат министрлігі үшін «Қазақфильмнің» елімізде ғана емес, халықаралық киноиндустриядағы даңқын қайтару – қастерлі міндет және жауапты іс»,– деді Балаева.
Киностудия ма, таксопарк па?
Еске салсақ, атақты фильмдерімен даңқы шыққан киностудияның «автобазарға айналғаны» туралы ақпарат тарады. КТК арнасының журналисі Асқарбек Қазанғап киностудия президенті Азамат Сатыбалдының киностудияның аумағын Қытай көліктерінің базарына айналдырып жібергенін айтып, ақпарат таратты.
«Мен Азамат Сатыбалдыны қудалап отырған жоқпын. Мені киностудияның жағдайы алаңдатады. Азаматтық қызметкерлердің 30 пайызы ақысыз демалысқа жіберілді. Бұрын павильонның құны 200 мың теңге болатын, қазір 750 мыңға көтерілді, прокат бағасын 100 пайызға өсірді. Олар «Қазақфильмге» жанашырлық танытатындардың барлығын шығарып жатыр», – деп мәлімдеді киностудияда жұмыс істейтін актер Қуандық Дүйсембаев.
Ал Азамат Сатыбалды мекемеде жұмыс істейтін 178 адамның айлығын тауып беру үшін «Қазақфильм» алаңын жалға бергенін мәлімдеген.
«Қазақфильм» президенті ретінде менің басты міндетім – 178 адамның айлығын тауып беру. Жалға берем бе, өзімді сатам ба, жоқ әлде басқа да жұмыстар жасаймын ба ол менің міндетім. Сондықтан да мен киноадан да басқа жұмыстар арқылы мен 178 адамның айлығын тауып беріп тұруым керек. Бұл – кәдімгі таксопарк. Ешқандай көлік сатылмайды, бұл автосалон емес», – деп жауап берген актер.
Ақша жымқыру
Еске сала кетсек, Алматы қаласының прокуратурасы Шәкен Айманов атындағы киностудияға тексеру жүргізді. Нәтижесінде ұлттық киноны қолдауға арналған 400 млн теңге ұрланғанын анықтады.
Прокуратура хабарлауынша, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әзірге ұрланған қаржының қай фильмге бөлінгені туралы ақпарат жоқ.
Айта кетейік, 2023 жылдың 28 шілдесінде «Қазақфильм» АҚ президенті лауазымына актер Азамат Сатыбалды келген. Оған дейін 10 ай бойы киностудия президентсіз қалған. Себебі 2022 жылдың қыркүйегінде режиссер Ақан Сатаевтың қызметтен кеткені белгілі болған.
2018 жылы «Қасым хан» фильмін түсіру кезінде бюджеттен 30 млн теңге ұрланған. Алайда бұл туралы факт 2021 жылы «Қазақфильмді» Ақан Сатаев басқарып тұрған кезде белгілі болған.
Өткен жылдың қараша айында «Қазақфильм» Ұлттық киностудия болып өзгертілетіні хабарланды. Үкімет қаулысына сәйкес, 1999 жылдың 12 сәуірдегі қаулысына өзгерістер енгізіліп, «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ атауы «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық киностудиясы» АҚ атауына өзгертілді.
Айта кетсек, «Қазақфильм» АҚ жарғылық капиталы 100% мемлекетке тиесілі. Жарияланған акцияларының саны 5 996 615 дана. Statsnet мәліметтеріне сәйкес, 2023 жылы барлығы 11 келісім-шарт жасасып, 10 266 343 теңге алған. Өткен жылы төлеген салығы – 319 071 663 теңге.
«Қазақфильм» акционерлік қоғам ретінде Қазақстан Республикасының «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» заңының 15-бабына сәйкес, әр жылдың 30 сәуіріне дейін қаржылық есеп тапсырып отыруы керек.