Қазақстанның оңтүстік облыстары құрғақшылықтан қалай құтылады – министрдің жауабы

Жарияланды
Фото:uralskweek.kz

Қырғызстандағы Киров су қоймасына өткен жылмен салыстырғанда 40 млн текше метр артық су жиналды, деп мәлімдеді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов. Осыған байланысты министрлік Қырғызстанмен Жамбыл облысына ішінара су беруді сәуір айында бастау туралы келіссөз жүргізбекші.

Министрдің мәлімдеуінше, Жамбыл облысындағы Тасөткел су қоймасында су қоры айтарлықтай ұлғайған. Су көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 2 есе артып, 300 млн текше метрге жеткен. Алайда Қырғызстандағы Орта-Токой су қоймасындағы су деңгейі алаңдаушылық туғызады. Себебі судың жиналуы өткен жылмен салыстырғанда төмен.

«Жамбыл облысы алатын су көлемін қырғыз тарапымен наурыз айында келісуді жоспарлап отырмыз. Су деңгейін қараймыз, кейін «Қазгидромет» биылғы жылға арналған болжамын береді. Судың деңгейіне қатысты нақты сан наурыз айында белгілі болады», – деді Нұржан Нұржігітов мәжілістің жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі 2024 жылы Қазақстандағы құрғақшылықтан құтылу үшін Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдерінен 11,1 текше метр су алуға келіскенін мәлімдеген. Сырдария мен Амудария трансшекаралық өзендерінен Шардара су қоймасына су жеткізіп, Түркістан, Қызылорда облыстарындағы су қорын сақтауға тырысатындарын жариялаған.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің Қырғызстан мен Өзбекстан Қазақстанның оңтүстік облыстарына су беруді тоқтатуы мүмкін деген қауіпке қатысты пікір білдіргені де есте.

«Сырдария бассейні мен Шу, Талас өзендері бойынша арнайы құрылған комиссия бар. Осы комиссиялар аясында біз шара қабылдап, кезең бойынша суды үлестіріп отырамыз. Сондықтан су беру тоқтайды деген қауіп жоқ деп ойлаймын. Бұл мемлекетаралық ынтымақтастық қой. Қазақстанның бұл мемлекеттермен ынтымақтасатын басқа да салалары бар. Сондықтан біржақты жабылады деп айта алмаймыз», – деген Нұржан Нұржігітов 2023 жылы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Естеріңізге салайық, 2023 жылғы тамызда Қырғызстан Киров қоймасынан Қазақстанға егістік суаруға арналған суды беруді тоқтатты. Салдарынан Талас, Байзақ, Жамбыл облысының кей жерлерінде су тапшылығы байқалды. Қырғыз тарапы судың аздығынан өздері қиын жағдайға тап болғандарын айтты. Сол кезде Қазақстанда 4 мың гектар пияз бен қант қызылшасына қауіп төнді.

Араға уақыт салып, Қырғызстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанның Жамбыл облысын сумен қамту жағдайына қатысты түсініктеме беріп, Қазақстан суды үнемдемей пайдаланғанын мәлімдеді.

Өз кезегінде Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі Қырғызстаннан Жамбыл облысына суаруға арналған су жеткілікті мөлшерде берілмегенін, салдарынан Қазақстан шамамен 560 гектар алқаптағы егіннен айырылғанын жариялады.

Жалпы, Қазақстанда су тапшылығы мәселесі жыл өткен сайын өзекті болып барады. БҰҰ мәліметі бойынша, 2030 жылға қарай Қазақстан су тапшылығына тап болуы мүмкін. Ал 2050 жылға қарай «суға мұқтаж» елдердің қатарына қосылуы ықтимал. Бүгінгі таңда еліміздің 600 мыңнан астам тұрғыны таза ауыз суға зәру.

Сондай-ақ оқыңыз