Мұндай бақылаудан қарапайым халық қиналады – «Ақ жол» партиясы мобильді аударымдарды тексеруге қарсы
«Ақ жол» партиясының депутаттары 2024 жылдан бастап мобильді аударымдарды фискалды бақылауға қатысты премьер-министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаевқа сауал жолдады.
Қаржы министрлігі 2024 жылдан бастап, ай сайын 100 түрлі тұлғадан мобильді аударым алған азаматтар бақылауға алынатынын хабарлады. Осы орайда партияға кәсіпкерлерден көптеген хаттар келе бастаған. Партия депутаттары салық органдарының бұлайша тексеріс жүргізуін қарапайым халықтың кәсібіне ауыртпашылық салу деп бағалайды.
«Мобильді аударымдардың фискалды бақылауы орта және шағын бизнес үшін үлкен кедергі келтіріп отыр. Орта және шағын бизнес өкілдері – олигархия емес. Олар шағын ғана саудамен айналысатын қарапайым адамдар. Олар мемлекет бюджетін жеп, офшорға шығарып жатқан жоқ. мұндай кәсіпкерлер салықтан 5 мың теңгеге жалтарғанның өзінде бұл ақша мемлекет ішінде қалады»,- деді партия атынан сөйлеген депутат Асқар Садықов.
Сонымен бірге депутат фискалды аппаратпен төленген тауар құны мен мобильді аударым арқылы төленген тауар екі бөлек есептелетінін, нәтижесінде бір тауарға саудагер 6% салық төлейтінін айтты.
Депутаттың айтуынша салық органдары 100 мобильді аударымнан асқан жағдайларды тексереді. Бірақ мұнда 100-200 теңгелік ұсақ аударымдар да болуы мүмкін. Сол себепті бұл тәсілді де депутаттар оңтайлы шешім деп есептемейді.
«Салық органдары әртүрлі тұлғалардан түскен 100 мобильді аударымның бақылауға алынатыны туралы мәлімдеді. Бірақ ол аударымдардың мөлшері анықталмаған. Яғни 100-200 теңгелік ең аз төлемдер де бақылауға алынады деген сөз. Осы орайда мынадай сұрақ туындайды. Салық органдары кімді тексереді? Осылайша, мүлкін жасырған олигархтарды немесе жемқор шенеуніктерді тауып алғысы келе ме? Әлде бұл тіршілік қамы үшін жүрген қарапайым адамдарды қанау ма? Мұндай бақылаудан табысы орташа айлық көрсеткішінен төмен қарапайым таксистер, тігіншілер жекелеген адамдар қиналады. Сонда сіздер күндерін әрең көріп жүрген адамдарға салық ауыртпалығын салғыларыңыз келе ме? Ондай болса, олар жұмыс істемей, мемлекеттен әлеуметтік көмек алып жүре беруіне болады ғой. Жалпы бұлайша мобильді аударымдарға бақылау жүргізу жемқорларға еш әсер етпейді, тек шағын кәсіп иелеріне кедергі болады»,- деді партия мүшесі.
Осы орайда «Ақ жол» партиясының депутаттары кәсіпкерлердің, халықтың және мемлекет мүдесін ескере отырып, мобильді аударымдарға салық салу тәсілдерін қайта қарауды талап етті.
Еске сала кетсек Қаржы министрі 100-ден астам аударым жасайтын адамдар бақылауға алынатынын айтқан еді.
«Менің білуімше, мұндай адамдардың тізімі әлі түзіліп жатыр, біз екінші деңгейлі банктермен ақпарат алмасуды жолға қойып жатырмыз. Әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Мониторинг жасайық, қоғамды дүрліктірмейік, өйткені бұл 2025 жылға дейін жоспарланған жұмыс. Ешқандай тексеру болмайды, адамдарға, бизнеске ешқандай қысым жасалмайды», – деген болатын Ерұлан Жамаубаев.
Ол сонымен бірге кәсіпкерлік қызметтің сипаты бар мобильді аударымдарға салық салынатынын атап өтті. Ал туысқандар мен әріптестер арасындағы ақша аударымының кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ. Сондықтан мұндай аударымдарға салық салынбайтынын атап өтті министр.
Сондай-ақ 2025 жылға дейін мобильді аударымдар үшін кәсіпкерлерге айыппұл салынбайтыны да айтылған. Министрдің айтуынша, бизнесмендердің екі шоты болуы керек. Бірі кәсіпкерлік қызметке пайдаланылса, екіншісі жеке мақсаттар үшін мобильді аударымдар үшін қолданылады.
Егер бұл трансферт кәсіпкерлік қызмет аясында жіберілсе, әрине, мұндай айналымға салық салынады. Сондықтан, біз сол кәсіпкерлерге айтамыз, қазірдің өзінде оған дағдылану керек. 2020 жылы біз бұл туралы айтып, бірте-бірте екі шот аштырдық. Яғни кәсіпкерлік қызмет үшін жеке шот, ал жеке ақша аударымдары үшін тағы бір карточкалық шот ашқыздық», – деді ол.