2023 жылы KEGOC-тың таза пайдасы 60%-ға артып, 42,7 млрд теңгені құрады

Жарияланды (жаңартылды )
Kegoc-тың таза пайдасы

Осы жылы KEGOC-тың таза пайдасы 2022 жылмен салыстырғанда 15,9 млрд теңгеге артқан / Фото: kursiv.media

«KEGOC» АҚ 2023 жылға арналған қорытынды есебін жариялады. Оған сәйкес компанияның таза пайдасы 42,7 млрд теңге болған. Бұл жайлы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Қорытындыға сәйкес, компания қызметінде негізгі нәтижелерге жетуіне Батыс энергетикалық хабының электр желілерін нығайту бойынша ірі инвестициялық жобаның аяқталуы себеп болған. Сонымен бірге қайталама акцияларды орналастыру (SPO), ҰЭТ пайдалану бойынша жаңа қызметтің пайда болуы және Қазақстан Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің (БЭЖ) Оңтүстік аймағын нығайту жобасын іске асыру оң нәтиже берген.

«Жедел деректерге сәйкес, «KEGOC» АҚ-ның 2023 жылғы жалпы пайдасы 2022 жылмен салыстырғанда 39%-ға өсіп, 50,9 млрд теңгеден 70,5 млрд теңгеге дейін өсті. Түсім 251,9 млрд теңгені құрап, 2022 жылға қарай 34,7 млрд теңгеге немесе 16%-ға өсті. Өсу негізінен реттеліп көрсетілетін қызметтердің көлемі мен тарифтерінің ұлғаюына байланысты болды»,– делінген хабарламада.

Осылайша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша компанияның таза пайдасы 42,7 млрд теңге деңгейінде қалыптасқан. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 15,9 млрд теңгеге немесе 60%-ға жоғары. Ол жылы таза пайда – 26,7 млрд теңге болған.

Дивиденд көлемі артады

Компания 2023 жылдың екенші жарты жылдығының дивидендтерін 2024 жылдың екінші тоқсанында төлейтінін мәлімдеді.

«2023 жылдың екінші жартыжылдығына дивидендтер төлеу 2024 жылдың екінші тоқсанында жүзеге асырылады. Компания өзінің дивидендтік саясатын жаңартты, оған сәйкес таза пайданың кемінде 60%-ы дивидендтерді төлеуге бағытталады. «KEGOC» АҚ акционерлеріне дивидендтер төлеу кезеңділігі жылына 2 ретті құрайды. 2023 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша компания 20,2 млрд теңге немесе таза пайданың 87%-ы көлемінде дивиденд төледі»,– делінген баспасөз хабарламасында.

Компания таза пайданың ұлғаюын ескере отырып, 2023 жылдың екінші жартыжылдығына арналған дивидендтер көлемін ұлғайтуы мүмкін.

Қазақстан халқы өткен жылы қанша энергия тұтынды?

Қазақстанда 2023 жылы электр энергиясын тұтыну 115,1 млрд кВт/сағ құраған. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,9%-ға артық. Электр энергиясын беру бойынша қызметтердің көлемі 39,2 млрд кВтсағ құраған. Ал Ұлттық электр желісін пайдалану бойынша қызметтердің көлемі 36 млрд кВт/сағ өскен.

Тұтынушыларды электрмен жабдықтау сенімділігін қамтамасыз ету және Қазақстан БЭЖ тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында «KEGOC» АҚ бірқатар ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатыр. Олар – «KEGOC» АҚ филиалдарының 220-500 кВ әуе электр желілерін қайта құру, «Қазақстан БЭЖ Оңтүстік аймағының электр желісін нығайту» және «Батыс Қазақстанның энергетикалық жүйесін БЭЖ-бен интеграциялау».

Еске сала кетсек, компанияның Қаржы және есепке алу жөніндегі басқарушы директоры Айгүл Әкімбаева KEGOC компаниясының валютамен алған берешегі 16 млн доллар, ал теңгемен алған қарызы 157 млрд болғанын айтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз