Майқайыңдағы апат: шұңқыр түбінен автобус бөлшегі мен құтқарушылар журналы табылды

Жарияланды
рудник
«Майқайыңалтын» АҚ кенішіндегі іздестіру жұмыстары барысында автобус бөлшегі мен құтқарушылардың журналы табылды / Фото: ТЖМ

«Майқайыңалтын» АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде іздестіру жұмыстары нәтиже берді. Шұңқырға құлаған автобустың шанақ бөлшегі мен құтқарушылардың журналы табылды. Бұл жайлы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өзінің әлеуметтік парақшасында хабарлады.

«Жұмыстарды жүргізу кезінде жұмыс құжаттатары және жол-сапар журналы бар құтқарушылардың сөмкесі, сондай-ақ, мемлекеттік тіркеу нөмірі бар автобустың шанақ бөлшегі табылды. Іздестіру жалғасуда»,– делінген әкім хабарламасында.

Кешегі күні сағат 14.45-те опырылған шұңқырдың түбіне шағын көлемді экскаватор түсірілген. Облыс басшысы жұмыстардың асқан сақтықпен және шұңқырдың бүйір қабырғаларының опырылу қаупінің сақталуына байланысты барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүргізіліп жатқанын айтты.

«Автобустың болжамды орналасқан жеріне дейінгі топырақты қазып алу міндеті қойылған шағын экскаватордың жұмысы аяқталғаннан кейін, мамандар оны жоғары көтеру жұмыстарын бастайды. Біз бұл жұмыстарды бүгін және ертең аяқтаймыз деп үміттенеміз»,– деді әкім.

Автобустың болжамды орналасқан жеріне арнайы техниканың кіруі үшін өткелді тереңдету жұмыстары нәтижесінде барлығы 200 мың тоннадан астам топырақ пен тау жыныстары шығарылған. Ал қазіргі уақытта іздестіру жұмыстарына барлығы 141 адам жұмылдырылған. Сонымен бірге 50 бірлік техника, 1 кинологиялық есеп, 2 дрон көмегімен іздеу жұмыстары жүріп жатыр.

Апат туралы

Еске сала кетсек,  4 қаңтарда Павлодар облысы Баянауыл ауданында «Майқайыңалтын» АҚ шахтасына құтқарушылар мінген автобус құлап кетті.

«Апат кезінде автобуста 4 адам болған: КӘАҚҚ РОШ Павлодар филиалының 3 құтқарушысы мен 1 жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ», – деп хабарлады бастапқыда Облыстық төтенше жағдайлар департаменті.

Кейін «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» ТЖД құтқарушылары құмнан 2 адамның мәйіті табылғанын  жариялады.

5 қаңтарда кеніш аумағында іздестіру-құтқару жұмысы аяқталмағаны, шахтаға құлап кеткен 2 адам әлі табылмағаны мәлімделді.

6 қаңтарда «Майқайыңалтын» шахтасындағы іздестіру-құтқару жұмысына 134 адам мен 37 бірлік техникаға және 3 кинологиялық есепке қосымша 2 дрон жұмылдырылды.

Дәл осы күні Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің кинологтар бригадасы келіп, іздестіру жұмысына кірісті. Сонымен қатар шахтадағы  қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейін тергеу басталды.

9 қаңтарда ТЖМ басшысы Сырым Шәріпханов «Майқайыңалтын» шахтасындағы құтқару жұмысы қашан аяқталатыны белгісіз екенін мәлімдеді.

Ал 15 қаңтар күні «Майқайыңалтын» АҚ бұрынғы жұмысшылары басшыларын айыптап, кеніштегі апатқа объективті тексеру жүргізуді талап етіп, мемлекеттік комиссия мүшелеріне ашық хат жолдады. Олар қайғылы оқиғаға комбинат басшысының салғырттығы себеп болғанын айтқан.

Айта кетейік, Қазақстан қор биржасының сайтында жарияланған «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорымен аффирленген тұлғалардың тізімінде «Майкаинзолото» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы ретінде KASE есебінде Милан Попович есімді азамат тіркелген. Құжатқа сүйенсек, Попович Қазақстан азаматы емес. Кипрдегі компаниялар регистрінде оған қатысы бар 8 компания көрсетілген.

Сондай-ақ оқыңыз