Зеленский Давоста “Бейбітшілік формуласын” таныстырды: Мәскеу оның шарттарымен келіспеген
New York Times Украина президенті Володимир Зеленский кеше кешкісін Давоста өтіп жатқан Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысуға барғанын хабарлады. Басылымның жазуынша Украинадағы шиеленіс тынбай, майдандағы жағдай өзгермегендіктен, саясаткер Швейцарияға дипломатиялық дискуссияда бейбіт келісім мүмкіндігін қарастыруға келген.
Қаржы мен бизнес әлемінің элитасы бас қосатын жиында Зеленский «Бейбітшілік формуласы» деп атаған бастамасын таныстырмақ. Бұл бастаманы бүгінге дейін ондаған мемлекет қолдап үлгерген. Дегенмен ондыққа Ресей кірмепті. Яғни Мәскеу оның шарттарын қабылдамады. Сонымен қатар Ресей ресми емес өкілдері арқылы Владимир Путиннің атысты тоқтату туралы келісімге әзір екенін жеткізді. Алайда Украина түбегейлі шешімі жоқ уақытша келісімдерді қанағат тұтпайтынын мәлімдеді. Өйткені Украина Ресей мұндай уақытша паузаны қайта топтастыру мен жаңа шабуылдарды жоспарлау үшін қолдануы мүмкін екенін айтады.
Дүйсенбіде Швейцария украиналық жоспарды назарға алып, маңыз беруге келісті. Тіпті ел президенті Виола Амхерд Зеленскиймен кездесуден кейін, биыл «Бейбітшілік формуласын» қолдайтын елдер саммитін ұйымдастыратынын хабарлады.
Қырымды босату
Жоспарда Қырымды қоса алғанда Украина территориясынан Ресей әскерін толықтай шығару қарастырылған. Сонымен қатар, репарация төлету мен әскери қылмысы үшін жауапқа тарту бар. Бұл ұсынысты қолдайтын аналитиктер мен саясаткерлер соғыстағы қазіргі күш балансын ескертеді. Талап орындалмайды деген болжам да жасалып отыр. Украина атом нысандарының қауіпсіздігі, бидай экспортын да ұсынып отыр. Әскери тұтқындарды айырбастау сияқты мәселелерді де қарастырылған.
Украинадағы соғыс Давостағы кездесуде назар аударатын тақырып болғанымен, маңыздысы болмады. Түгел Еуропа мен әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған үкіметтердің өкілдері мен бизнес иелері Украинаға қолдау білдіріп, мұндай сын сәтте сырттан келетін қаржылай қолдаудың азайғаны туралы уайымын жеткізгенімен, ресми де, жекелей де соғысты бейбіт келісіммен тоқтату керегін айтады.
Украина өкілдері мен жақтастары Давостың бас жағалауындағы уақытша құрылған дүкенде бірқатар іс-шара ұйымдастырып, жиынға қатысушылардың назарын соғыс тақырыбына аударуға тырысты.
«АҚШ-тың көмегінсіз бұл тығырықтан шыға алмаймыз»
Украина парламентінің депутаты Саша Устинова америкалық Конгрес өкілдерінің қоспалаталық жиналысына қатысып сөз сөйледі.
Украина әлемнің, әсіресе, АҚШ-тың көмегінсіз бұл тығырықтан шыға алмайды”, – деді. Оған қоса «Осы жерде шындықты айтқым келеді: барлығы Украина жеңіске жақындады деп ойлайтын сияқты. Алайда сіздің көмегіңіз болмаса – жеңілеміз»,– деді. депутат.
Давос кестесіне сай, Украина минерал қорының стратегиялық маңызы тақырыбына арналған панельдік дискуссия өтті. Сонымен қатар Украинаны қорғау соғысына қатысып жатқан әйелдер квартетінің куәлігі таныстырылу керек еді.
Қазір Украина 1000 км-ге жуықтайтын майдан шебін қорғап жатыр. Алайда, Еуропадағы жақтастары мен АҚШ-тың қаржылай, әскери қолдауы тұрақсыз болып тұр. Одан бөлек жарты миллионға жуық еркекті әскерге шақыруға дайындалып жатыр. Швейцария Сыртқы істер министрі Игнацио Кассис Мәскеу ұсынысты қабылдамды. Алайда, Ресейді «Бейбітшілік формуласына» шақыру керек деген ұсыныс білдірді.
Игнацио Кассис украиналық жоспар тек бір тарапты ғана таныстыратынын айтты. Сондықтан қалай болса да Ресей позициясын тыңдауға тура келеді деп мәлімдеді.
«Украина қойған шарттарға Ресейдің қатысатынын ойлау “елес» болар еді”, – деді ол баспасөз мәслихатында.
Володимир Зеленский өткен айда жоспарды қолдаған елдердің басшыларымен кездесті. Кейін делдалдар арқылы Ресейге ұсыныс жолдап, серіктестікке келісетінін хабарлаған-ды. Ал бұған дейін мемлекет территориясы толық босатылмай келісімге келмейтінін мәлімдеді. Қазір Ресей Украина жерінің 20 пайызын оккупациялап отыр.
Зеленский Давоста өткен ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшілер конференциясына 83 ел қатысқанын хабарлады. Онда бейбіт келісім ұсынысының соңғы нұсқасы талқыланған.
«Біз үшін бүкіл әлемнің Ресей агрессиясына қарсы екенін, әлем түгелдей әділдікті қолдайтынын көрсету маңызды», – деді ол.
Шиеленісті уақытша тоқтату
Негізі Украина аталған жоспарды 2022 жылы ұсынды, содан бері қолдауды күшейтуге жұмыс істеп келеді. Ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшілердің кездесуінен кейін, украиналық ресми тұлғалар бұған дейін бірнеше рет қайталағанындай атысты тоқтатуға алып келетін келіссөздер мүмкіндігінен бас тартты.
Зеленский әкімшілігінің жетекшісі Андрей Ермак Давоста журналистерге:
«Украина президенті мен оның командасы ешқашан шиеленісті уақытша тоқтатуға қатысты шешім қабылдап, келіспейді», – деді.
Володимир Зеленский Украина әскері әуе соғысында Ресейдің радарлы ұшағын құлатып, басқару әуе кемесін зақымдағанын хабарлап, жақсы нәтижемен бөліскеннен кейін Швейцарияға аттанды.
Әскери әуе күштерінің өкілі Юрий Игнат баспасөзге екі ұшақты да майдан шебінен алыс ұшып бара жатқанда, шамамен Азов теңізінің маңында құлатқанын хабарлады. Бұл мәлімдеме мемлекеттің одан да үлкен дистанциядағы ұшақтарға шабуыл жасай алатынын білдіреді. Әскер нақты қандай қаруды қолданғанын ашып айтпады.
Өткен айда Украина әуе күштері Ресейдің майдан шебіне жақындаған бес жойғыш ұшағын құлатқанын хабарлаған еді. Дегенмен ол кезде де нақты қалай құлатқаны туралы ашық мәлімдеме жасамады. Әскери аналитиктер ұшақтарды АҚШ жіберген «Пэтриот» ракеталары арқылы құлатқан болуы мүмкін деген болжам айтады.