Жаңалықтар

Түркістанда шахматтан балалар мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты аяқталды

Жеңімпаздар Бразилияда өтетін әлем чемпионатына қатысады/Фото: ҚШФ

Түркістанда балалар мен жасөспірімдер шахматы бойынша Қазақстан чемпионатының турнирі өз мәресіне жетті. Турнир Туризм және спорт министрлігі, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен өтті. Ал бас серіктес Freedom Shapagat болды. Турнирдің жалпы жүлде қоры 5 580 000 теңге болған.

Фото: ҚШФ

Әр жас категориясындағы жеңімпаздар биыл Бразилияда өтетін балалар-жасөспірімдердің әлем чемпионатына Қазақстан атынан барады. Ал вице-чемпиондар Азия чемпионатына қатысады. Белгілі бір категорияда 3-5 орын алған ойыншылар басқа халықаралық жарыстарға қатысу құқығына ие болды.

Классикалық шахмат бойынша 14,16 және 18 жасқа дейінгі жас категориясында 3-5 орын иеленгендер оқушылар арасындағы әлем чемпионаты, Батыс Азия чемпионаты мен оқушылар арасындағы Азия чемпионатында ресми ойыншы ретінде қатысу құқығын алады.   

«Турнир бұған дейін шахмат жарысына қатыспаған өңір өкілдерінің сенімді ойынымен ерекшеленді. Чемпионат біздің дарынды балалармен жүргізіп жатқан жұмысымыздың, болашағынан зор үміт күттіретін шахматшыларды іздеуіміздің нәтиже беріп жатқанын көрсетті. Өте жас шахматшылардың өздерінен үлкендермен бәсекеге түсіп ойнаған тамаша ойынын ерекше атап өткім келеді. Жансая Шолпанбек, Данис Қуандықұлы және басқалар жас айырмашылығы біршама екеніне қарамастан, үлкендермен тең ойнап, жақсы нәтижелер көрсетті», – деді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.

Қазақстан шахмат федерациясы туралы. 2023 жылдың қаңтарында Freedom Holding бас директоры Тимур Турлов Қазақстан шахмат федерациясының президенті болды. ҚШФ вице-президенті – гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасов. Сонымен қатар ол 2023 жылдың наурыз айында Азия шахмат федерациясының (АСF) вице-президенті болып сайланды. Ұйым құрамында Қазақстан мен Ресейді қосқанда 54 елдің федерациясы бар.

Қазақстан шахмат федерациясы 1992 жылы құрылған. Федерацияның бірінші басшысы ақын, жазушы, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов болды. Тәуелсіз Қазақстанның шахмат федерациясын құрудың бастамашысының бірі де Ғалимулла Сәйденов болды. 1992 жылы Филиппиннің Манила қаласында өткен Қазақстан үшін дебюттік Дүниежүзілік Олимпиадада ерлер мен әйелдер құрамаларын басқарды.