Фото: kursiv.media
ҚНРДА дивидендке салынатын салық ережесін қатайтпақ. «Биржадағы бағалы қағаздармен сауда-саттықты жүзеге асыру өлшемшарттарын айқындау» туралы құжат Ашық НҚА порталында орналастырылған.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаулысы Салық кодексіне Қазақстан резиденттеріне төленетін дивидендтерді салықтан босатудың жаңа өлшемдерін енгізуді көздейді.
Қолданыстағы ережеге сәйкес, жергілікті биржада сатылатын акцияларға төленетін дивидендтер инвесторлардың азаматтығына қарамастан салықтан босатылады. Салықтан босатудың екі шарты бар: бірінші, эмитент бағалы қағаздарының сауда-саттық көлемі айына 25 миллион теңгеден кем болмауы керек. Екіншіден, айына 50 мәміле жасалуға тиіс.
ҚНРДА енді үшінші критерийді қосуды ұсынады: эмитенттің кемінде 10 миллион акциясы биржада орналастырылуы керек. Түсіндірме жазбада енгізілген өзгеріс екі мақсатты көздейтіні атап өтіледі:
- ҚР резиденттеріне, сол сияқты бейрезиденттеріне төленетін дивидендтерді салықтан толық босатуға мүмкіндік беретін ережелерді алып тастау;
- Заңда дивидендтерді есептеу күніне Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін биржалардың ресми тізімдеріндегі өтімді (бөлшек инвесторлар белсенді саудалайтын) акциялар бойынша ғана осындай дивидендтерді салық салудан босату жөніндегі жеңілдіктер сақталды.
Бұл ретте өтімділік өлшемдерін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Алайда авторлар былтырдан бері қолданылып келе жатқан басқа критерийге тоқталмаған. Резидент-жеке тұлғаларға төленген дивиденд 30 мың АЕК-тен аспаса (2024 жылы 110,7 млн теңге) салық салудан босатылады.
Қор нарығындағы табысқа салық салу – алдағы салық реформасын талқылаудағы негізгі тақырыптың біріне айналды. Қазақстанда жаңа Салық кодексі 2025 жылы күшіне енеді деп жоспарланған.
Былтыр Парламент Мәжілісінің депутаттары азаматтардың инвестициялық белсенділігін арттыру мәселесіне қатысты сауал жолдаған болатын. Онда қор нарығына қатысушылар, брокердің комиссиясы, банк алымдары, құнды қағаздарды сақтауға қатысты шығындар төлейтіні, сонымен қатар түсімге салық салынатыны айтылған еді. Алайда аталған шығындарды ескере келе депутаттар салық төлеушінің кірісі ұлғайған кезде ғана аталған шығындарды есептей отырып, жиынтық салық төлеу қажет деген ұсыныс айтқан.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бағалы қағаздар нарығында жүзеге асырған операциялар бойынша ғана азаматтарға салық шегерімдері берілуге тиіс деп жауап берген.
Дегенмен Үкімет салықтық әкімшілендіру тәсілдерін, оның ішінде азаматтардың кірістері мен шығыстарын жалпыға бірдей декларациялауды енгізуді ескере отырып пысықталуы қажет деп санайды.