Жер қойнауын пайдаланушы компанияларға ұңғымаларды бұрғылаудан бас тарту құқығы беріледі

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Жер қойнауын пайдаланушы компаниялар келісімнен қалай бас тарта алады? Фото: shutterstock

Жер қойнауын пайдаланушы компанияларға типтік барлау және өндіру келісімшартында көзделген ұңғымаларды бұрғылаудан бас тарту құқығы беріледі. Ол үшін белгілі бір шарттар орындалуға тиіс.

«16) күрделі жобаларға жатпайтын жер қойнауы учаскесінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарттың жұмыс бағдарламасында көзделген ұңғыманы бұрғылаудан мынадай шарттар бір мезгілде сақталған:

1) жер қойнауы учаскесінде барлау жұмыстарының жобасына және жұмыс бағдарламасына сәйкес сейсмикалық барлау жұмыстары жүргізілген;

2) бас тарту туралы өтініш барлауға және өндіруге арналған келісімшарт жасалған күннен бастап үш жылдан кешіктірілмей берілген кезде бас тарта алады»,.- делінген Энергетика министрлігінің қоғамдық талқыға ұсынған бұйрығында.

Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 126-бабында көзделген тәртіппен жер қойнауының бүкіл учаскесін қайтарып беруге міндетті.

Компания бұрғылаудан бас тартып және жер қойнауы учаскесін қайтарса, бұрғылау жөніндегі міндеттеме тоқтатылған деп есептеледі.

Сонымен қатар барлау жұмыстарының жобасы жасалғаннан кейін, жер қойнауын пайдалану саласындағы базалық жобалау құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтуге тиіс.

Егер барлау уақыты ұзартылса, жер қойнауын пайдаланушы банкте орналастырылған қаражатты жұмыс бағдарламасында көзделген барлау жұмыстарын орындауға ғана пайдалана алады. Бұйрыққа осындай жаңа тармақ енгізілген.

Бұл қаражат барлау жұмыстарымен байланысты емес бағытқа жұмсалса, жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органның талабы бойынша мемлекеттік бюджетке осы сомадағы қаражатты төлейді.

Сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымды қаржыландыруға қатысты да толықтырулар енгізілмек.

Қазіргі кезде мұнай-газ компаниялары өткен жыл қорытындысы бойынша көмірсутектерді өндіру кезеңіндегі келісімшарт бойынша салынған инвестицияның 1 пайызын осы мақсатқа бөлуге тиіс.

Сондай-ақ құжатта сарқылатын кен орны үшін жылына өндірілетін көмірсутек көлеміне негізделген инвестициялық коэффициент белгіленеді. Инвестицияның ең төменгі коэффициенті жылына 250 мың тоннаға дейін көмірсутек өндіретіндер үшін – 1%, ең жоғары – 10 миллион тоннадан астам мұнай-газ өндіретін компания үшін 8,5% болады.

Үлгілік келісімшарт бойынша жобалық құжат көрсеткіштерінің бірін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін компания айыпақы төлеуге тиіс.

Егер келісімшарт бойынша бастапқы геологиялық қор 100 млн тонна мұнайдан немесе 50 млрд текше метр табиғи газдан аспаса, 10 000 АЕК (36,92 млн теңге) айыппұл салынады.

Ал келісімшарт бойынша бастапқы геологиялық қор 100 млн тонна мұнайдан немесе 50 млрд текше метр табиғи газдан асатын болса, 20 000 АЕК ((73,84 млн теңге) айыппұл арқалайды.

Өзгерістер күрделі жобалар бойынша көмірсутек барлау мен өндіруге арналған стандартты келісімшарттарға да әсер етеді. Жер қойнауын пайдаланушы келісімшарт жасалған күннен бастап 12 айдан кешіктірмей шетелдік кадрларды қазақстандық кадрлармен ауыстыру бағдарламасын әзірлеу және құзыретті органмен келісуге міндетті (бұрын мұндай тармақ болмаған).

Сонымен қатар құжат жер қойнауын пайдаланушыларды Каспий немесе Арал теңізінің қазақстандық секторында орналасқан кен орындарынан, сондай-ақ мұнайға қаныққан бөлігінің 25 пайыз үлесі бар кен орындарынан Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарына толық немесе ішінара мұнай жеткізу міндетінен босатады.

Бұдан бөлек, компания келісім-шарт жасасқан күннен бастап 12 айдан кешіктірмей, құзыретті органмен келісім-шартты жүзеге асыру жөніндегі бағдарламаны келісе отырып, тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібін әзірлеуге тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз