QazaqGaz жекешелендірілетін компаниялар қатарында қалады – ҰЭМ
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі QazaqGaz компаниясы үкіметтің 2025 жылға дейінгі жекешелендіру жоспарында қалады. Ол 2025 жылы IPO-ға шығарылады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрлік өкілінің айтуынша, компания акцияларын бастапқы орналастыру 2025 жылы өтеді деп жоспарланған.
«KEGOC» АҚ ұлттық электр желілері операторы былтыр қос биржада акцияларын қайталама орналастырғандықтан, жекешелендіру жоспарынан шығарылған.
«2024 жылғы 4 қаңтарда Үкімет қаулысымен «KEGOC» АҚ және «QazaqGaz» АҚ еншілес ұйымдары, оның ішінде бас компанияның периметріне қосу арқылы алып тасталды», – делінген министрлік таратқан хабарламада.
«Самұрық-Қазына» қорының даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжан Kapital.kz басылымына берген сұхбатында жекешелендіру жоспарынан QazaqGaz емес, оның балансында тұрған гольф клубы шығарылғанын айтқан.
Десе де, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың қолы қойылған қаулыда КEGOC пен QazaqGaz компаниясы жекешелендіру жоспарына алынып тасталатыны жазылған.
«QazaqGaz» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы» және «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» (Kazakhstan Electricity Grid Operating Company) «KEGOC» акционерлік қоғамы» деген бөлімдер алып тасталсын», – делінген қаулыда.
Бұл ретте жекешелендіру жоспарында KEGOC тағы да кездеседі, онда 2023-24 жылы компанияның IPO-сы жоспарланғаны жазылған.
Осы орайда KASE басшысы Алина Алдамберген қос компанияның жекешелендіру тізімінен шығарылуына қатысты пікір білдірген еді. Биржа басшысы бұл компания акционерлерінің шешімі болуы мүмкін екенін айтты.
2023 жылы қарашада Ұлттық электр желілері операторы – KEGOC компаниясының акциялары қор нарығына екінші рет орналастырылды. Қайталама орналастыруда KEGOC компаниясының 5 пайыз акциясы нарыққа шығарылды.
Орналастырылған акцияларының 67 пайызын – жеке инвесторлар, 32 пайызын – ірі инвесторлар, ал 1 пайызын шетелдік инвесторлар сатып алды. Қайталама орналастыру нәтижесінде ұлттық оператор нарықтан 22,6 млрд теңге тартты.
SPO қорытындысы бойынша, компаниядағы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның үлесі 85%-ға дейін қысқарды, БЖЗҚ үлесі өзгермеді. Есесіне еркін айналымдағы акциялар қатары 2,7%-дан 8,1%-ға дейін жетті.
Үкіметтің жоспары бойынша, 2024 жылы – Air Astana, 2025 жылы – QazaqGaz бен «Қазақстан Темір Жолының» 5%-ға дейін акциялары IPO/SPO-ға шығуы тиіс еді.