Тәуелсіз Қазақстанда Жаңа жылды атап өтудің ерекше идеологиялық, әлеуметтік негізін қалыптастыратын уақыт келді. Елімізде 3 мың жылдық тарихы бар Наурыз мейрамы – терең дәстүрге енуі керек, деп мәлімдеді Сенат депутаты Әли Бектаев.
Депутаттық сауал
Сенатор Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында Жаңа жылды қарсы алу жылдан-жылға күрделеніп, отбасылық мерекеден ауқымды материалдық шараға айналып бара жатқанын жариялады.
«Үлкен қалаларда, облыс, аудан, орталықтарында орнатылған алып аршалар, мұз қалашықтары, атылған отшашулар мемлекет қазынасына салмақ түсіріп, тұрғын үй кешендерінде атылып жатқан пиротехникалар, қуаттылығы жағынан адамға үрей тудырып, материалдық зақым келтіруде», – деді депутат Сенаттың жалпы отырысында.
Әли Бектаев жаңа жылда сауда орталықтарында сыйлық іздеп сабылатын адамдардан аяқ алып жүру мүмкін емес екенін мәлімдеп, бағасы шарықтаған ойыншықтардың басым бөлігі шетелден келетінін, шетелдің дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін, тілін, ділін, дінін насихаттайтынын ашып айтты.
«Өткізіліп жатқан ұжымдық корпоративтерді талдамай-ақ қояйық. Дегенмен Жаңа жылдық шараларда ысырапшылдық пен даңғазалық басым болып бара жатқаны анық. Тәуелсіз Қазақстанда Жаңа жылды атап өтудің ерекше идеологиялық, әлеуметтік негізін қалыптастыратын уақыт келді. Елімізде 3 мың жылдық тарихы бар Наурыз мейрамы – терең дәстүрге ену керек», – деді депутат.
Наурыз мейрамы – халықаралық дәрежеде мойындалған мереке
Сенатор БҰҰ Бас ассамблеясының шешімімен халықаралық дәреже алған, UNESCO-ның мақұлдауымен адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне енген Наурыз мейрамы – халқымыздың қанына сінген, жанына жақын, рухына лайық мереке екені атап өтті.
«Ел ішінде Наурыз – Ұлыстың ұлы күні, жыл басы, күн мен түннің теңелген күні деп айтылады. Осы күні бабаларымыз араларына жік түскен адамдарды бір дастарханнан дәм татқызып, табыстырған, жалғыз жарым жандарды үйлендіріп, жеке отау еткен. Кембағал, жетім-жесірлерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. «Бұл күні Самарқанның да көк тасы жібіген», – деп, небір мықты бай-бағландар да елдің жағдайын жасауға, көмек көрсетуге ұмтылған. Дәл осы күндері бұлақтардың көзін ашып, тал отырғызып, әркім өз ауласы мен үй-жайын тазалаған. Наурыз өте салысымен егіншілер егін егіп, малшылар төл алуға кірісіп, жыл басы қайнаған еңбекке ұласқан. Наурыз – халқымыздың нағыз рухани және еңбек мерекесі. Бұл күн ежелден-ақ ынтымақ пен ырыс мейрамы. Президентіміз айтқандай, Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символына айналуы тиіс», – деді Әли Бектаев.
Наурыз мерекесін дәріптеу
Сенатор бала-бақшадан бастап, барлық оқу орындары мен еңбек ұжымдарында, әрбір отбасында Наурыз мерекесін дәріптейтін, дәстүрге енгізуге мұрындық болатын, әр азаматтың санасына сіңдіретін жалпыұлттық концепция қабылдауды ұсынды.
«Наурыз – көл-көсір дастархан жайып, жүздеген киіз үй тігіп, ысрапшылдыққа жол беретін мейрам емес, әр отбасына, әр ауылға, әр өңірге рухани нәр беретін жаңашыл мерекеге айналуы керек. Наурыздың тарихын, рухани құндылығын, оның әр дәстүрінің символикалық мәнін, ізгі амалдарының тәрбиелік мағынасын, татулық пен бірліктің негізін зерттейтін, қалың бұқараға жеткізетін ғылыми орталық қалыптастыру маңызды. Әр жылдың экономикалық, статистикалық қорытындысы алдағы ақпан-наурыз айларында шығатынsy ескере отырып, Наурыз мерекесінің қарсаңында өткен жылды қорытындылап, еңбек ұжымдары мен еңбек озаттарын марапаттау дәстүрге айналуы тиіс. Тіпті Наурыз айы еңбек адамын дәріптеу ай болғаны дұрыс», – деді депутат.
Наурыз мерекесі қарсаңында көмек көрсету
Әли Бектаев Наурыз мерекесі қарсаңында тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қолдауды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмектесуді жалпыхалықтық акцияға айналдыру бастамасын көтерді.
«Еріктілер қауымдастығының ерекше пәрмені де осы жерде көрінуі тиіс. Тіпті әкімдердің жыл сайын өткізетін шыршаларын Наурыз алдында, Қыдыр атаның қатысуымен басқаша өткізу өте маңызды. Наурыз мейрамы қарсаңында балаларға қатысы бар тауарларға жеңілдік жасау да кәсіпкерлер үшін кісілік келбетке лайық болар еді», – деді сенатор.
Оның айтуынша, еліміздің халықаралық гуманитарлық көмек көрсету миссиялары Наурыз мерекесінің алдында жүргізілсе әлемнің назары ауатыны анық.
«Күн мен түннің теңелуі 21-22 наурызға келетін болғандықтан Қазақстан көлемінде Наурыз мейрамын, бір уақытта ұйымдастырған жөн. Ұлыстың ұлы күніндегі барлық ниет пен ақ тілектер бір арнаға тоғысқаны дұрыс. Еліміздің батыс өңірлерінде дәстүрге айналған «Көрісу», «Сәлемдесу» сияқты ізгі амалдарды барынша насихаттау маңызды», – деді депутат.
Наурыз мейрамын ұлықтауға ұсыныс
Әли Бектаевтың ойынша, Наурыз мейрамын ұлықтайтын көркем және анимациялық фильмдер түсіріп, ақпараттық хабарларды көбейтіп, мектеп бағдарламаларына енгізіп, балаларға арналған оқулық пен кітап шығарту қажет.
«Теле-радио компанияларындағы жарнамаларды, бағдарламалар мен ток-шоуларды да Наурыз кейпіне келтіруге болар еді. Наурыз мейрамы жалпыхалықтық мерекеге айналса, ұлтымыздың ұтары мол, ұрпағымыздың ұпайы түгел болатыны даусыз», – деп түйді ойын сенатор.
Естеріңізге салайық, бұған дейін «Егемен Қазақстан» газетіне
берген сұхбатында президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаңа жыл – әрине, күнтізбе¬нің жаңа парағын ашатын маңызды меже. Осы сәтте өткен жылды қорытындылап, келешекке жоспар құру әдетке айналған. Бір жағынан, Жаңа жыл мен үшін қастерлі мереке емес. Оның үстіне, өзіміздің төл жаңа жылымыз – Әз Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы.
Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін…», – деген болатын.