Алматы әуежайындағы жаңа терминал жазда іске қосылады
Жаңа терминал құрылысы 87%-ға аяқталған / Коллаж: kursiv.media
Премьер-vинистрі Әлихан Смайылов TAV Airports Holding компаниясының президенті Серкан Каптанмен кездесіп, Алматы әуежайының жаңа халықаралық терминалының құрылысы мен елдегі өзге де инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Үкімет үйі.
Үкімет басшысы елімізде көлік-логистика әлеуетін арттыруға үлкен көңіл бөлінетінін айтты. Сондықтан Алматыда жаңа халықаралық терминал құрылысы секілді ауқымды жобаларды жүзеге асыру стартегиялық маңызға ие.
«Оның ашылуы жолаушылар ағынын арттырып, ұшу географиясын кеңейтеді және мегаполис тұрғындары мен қонақтарына сапалы қызмет пен жайлылықтың жоғары деңгейін қамтамасыз етеді деп күтеміз», – деді Әлихан Смайылов.
TAV Airports Holding басшысы құрылыс жұмыстарының 87%-ға аяқталғанын мәлімдеді. Соған сәйкес жаңа терминал осы жылдың маусымында ашылуға тиіс.
Серкан Каптанның мәліметінше, өткен жылы Алматы әуежайы рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп, жолаушылар ағынын арттырған. Жаңа терминал іске қосылған соң, қолданыстағы терминал тек ішкі рейстерге ғана пайдаланыла бастайды. Екі терминал әлеуеті жылына 14 млн жолаушыға дейін жетеді деп күтілуде. Сонымен бірге әуе айлағы арқылы жүк тасымалы көлемін 100 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланған.
Өз кезегінде премьер-министр инвестор алдағы жоспарында ескеруге тиіс мәселені тілге тиек етті. Ол Алматы әуежайы теміржол және автомобиль тасымалын қоса алғанда, толыққанды мультимодальды көлік-логистика хабы ретінде дамуы қажеттігін атап өтті.
Еске сала кетсек, премьер-министр Әлихан Смайылов холдинг президенті Серкан Каптанмен 2023 жылдың мамыр айында да кездескен болатын. Үкімет басшысы жаңа терминал құрылысы жолаушылар тасымалын айтарлықтай арттырып, ұшу географиясын кеңейтіп, мегаполис тұрғындары мен қонақтарына жоғары деңгейдегі жайлы қызмет көрсететінін айтқан.
Алматы әуежайын TAV Airports холдингі 2021 жылы 415 миллион долларға сатып алған еді.
2022 жылдың шілдесінде TAV Airports холдингінің жыл басында жаңа терминалдың құрылысын бастағаны хабарланған болатын. Сол кезде қоғам белсенділері 1936 жылы салынған тарихи ескерткішті бұзуға қарсы болды. Алайда компания сейсмикалық қауіпсіздік талаптарына сай терминалды сақтау мүмкін еместігін мәлімдеді.