Жаңалықтар

Анасын іздеген Жәнібек: депутат Бас прокурордан шетелге кеткен балаларға қатысты зерттеу жүргізуді сұрады

Жәнібек

Бельгиялық азамат Жәнібек туралы ақпаратты алдын ала электронды пошта арқылы алып, баланы алу үшін қомақты қаражат төлеген / Коллаж: kursiv.media

Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі шетел азаматтары асырап алған балаларға қалауына қарай Қазақстан азаматтығын беруді ұсынды. Ол сондай-ақ 1999 жылға дейін шетелге кеткен балалар туралы зерттеу жүргізу мәселесін көтеріп, үкімет басшысы мен Бас прокуратураға сауал жолдады.

«Біздің бүгінгі көтеретін тақырыбымыз шетелдіктер асырап алған балалардың тағдыры туралы болмақ. Рас, бұл тақырып бұған дейін бірнеше рет көтерілді. Еліміздің Бас прокуратурасы 2014 жылы шетел асқан балалардың тағдырына алаңдаушылық білдіріп, тексеріс жүргізді. Жетім балалар мен оларды асырап алуға ниет білдірген азаматтардың бірыңғай мәліметтер жүйесін құруды ұсынды. Бұл тексерістің нәтижесі және қабылданған шешімдердің орындалу барысы бізге беймәлім», – деді депутат.

Депутаттың айтуынша, Оңтүстік Африка, Кения, Филиппин, Мексика, Мальта, Аргентина сияқты елдерге кеткен 120 баланың бақылауға алынған, алынбағаны белгісіз.

Осыған байланысты депутат бірыңғай мәліметтер жүйесінің қалай жұмыс істеп жатқаны туралы сұрады. Айтуынша, 20 жыл бұрын жаттың жетегінде кеткен балалар есейді. Олар тегін іздеп, елге келіп жатқанын айтты.

«Журналист Жанар Байсемізова жүргізетін «Жібек жолы» арнасындағы «Шетелдегі қазақ балалары» жобасын тебіренбей көру мүмкін емес. Ата-анасын тапқысы, тегін танығысы келетіндер аз емес. Солардың бірі  – Жәнібек немесе Эдди Жан Савельев. Журналист Беркімбаевтың жазуынша Арқалықта 2002 жылы туған оны 2004 жылы сондағы балалар үйінен бельгиялық Ирина Савельева асырап алған. Испанияның Мальорка қаласында тұратын Жәнібек 2023 жылы желтоқсанда өзінің биологиялық анасын іздеп келіп, әлеуметтік желіде үндеу жариялады. Ол туған әке-шешемнен түк те керек емес, тек анамның жүзін бір рет көріп, мауқын басса, жүрегі тынышталатынын айтты. Ол анасын таппаған күйі еліне қайтып кетті», – деді депутат.

Жәнібектің оқиғасы

Түсіндіре кетсек, бұл жайт қоғамда үлкен резонанс туғызды. Әлеуметтік желіде кең талқыланды. Журналист Қымбат Досжан арнайы зерттеу жүргізді. Зерттеу нәтижесінде бельгиялық азаматтың Жәнібек туралы ақпаратты электронды пошта арқылы алдын-алғаны анықталды. Оның тіпті баланы алу үшін қомақты қаражат төлегені белгілі болды.

«Арқалық қалалық полиция басқармасына Бельгия азаматы Жани Эдди Савельевтің атынан және Қазақстандағы заңды өкілі ретінде менің атымнан сотқа дейінгі тергеп- тексеру бойынша арыз беріліп іс қозғалған болатын. Алайда қылмыстық іс қандай да бір қылмыстық құқық бұзышылық құрамы болмауына орай қысқартылды. Қазіргі жаңалығымыз  – Жани Эдии Савельевті асырап алған бельгиялық азаматша Қазақстанға келмей тұрып, Жәнібек Жұмағұловтың суреті мен жеке мәліметін электронды пошта арқылы алғанын мәлімдеді. Одан бөлек асырап алған адам Арқалыққа келгеннен кейін бір кісіге қомақты қаржы бергенін де айтты. Осы оқиғаны зерттеу барысында Арқалық қаласының балалар үйінен 200-2004 жылдар аралығынла 80-нен астам баланы шетелдіктер асырап алғаны мәлім болды. Бұл балалардың барлығы заңды түрде шетел асты ма екен?», – дейді журналист.

Осы аталғандарды ескере отырып, Қымбат Досжан Арқалық қалалық басқармасына өтініш жасаған. Осыдан соң тоқтатылған істі тек салғырттық бабы бойынша емес, кәмелетке толмағандар саудасы бойынша қайта қозғалуын сұрап, еліміздің Бас прокурорына хат жолдағанын айтты.

Қанша бала шетел асты?

Депутат Дархан Қыдырәлі құзыретті органдардан басқа да балалардың жағдайын тексеруді сұрап, оларға елшіліктер арқылы қолдау көрсетуді ұсынды.

«Ең сорақысы, 1999 жылға дейін елімізден қанша жетім баланың шетелге кеткені туралы мүлде мәлімет жоқ. Талай тағдырлар талқандалған . 90-шы жылдары безбүйректер сатқан даланың жарасы жазылар. Ал баланың наласы мен обалы кімге. Осыған орай бала құқықтары жөніндегі уәкіл Закиевамен кеңесе отырып төмендегідей ұсыныстарды береміз. 1999 жылға дейін шетелге кеткен балалар туралы зерттеу жүргізу. Санда бар, санатта жоқ балалар туралы мәліметтерді, деректерді жаңалау. Шетел асқан балаларды тегінен ажырамас үшін түрлі үйірмелер арқылы қолдау көрсету. Қажет болса ата-аналарын табуға көмектесу. Олардың ата-аналарын көріп тұруы үшін ведомствааралық келісім жасау. Елшіліктер арқылы қолдау. Кәмелет жасына толған балалар қалаған жағдайда ҚР азаматтығын ала білулері үшін таңдауына көмектесу. Өйткені олар біздің қанымыздың бір түйірі. Жанымыздың бір бөлшегі», – деді депутат.

Депутат 2010 жылы үкімет тарапынан шетел асқан балаларды қорғау мақсатында арнайы конвенция қабылданғанын айтты. Бала құқықтарын қорғау саласындағы өкілетті орган болып саналатын оқу-ағату министрлігінің мәліметі бар. Оған сүйенсек, конвенцияға қол қойғалы бері шетелдік азаматтар 158 баланы асырап алған. Соның ішінде 2013-2019 жылдары 157 бала шетел асса, соңғы 4 жылда бір бала сыртқа шыққан.

«Көрсеткіштің күрт төмендегені қуантады. Конвенцияға қол қойғанға дейін 1999-2011 жылдар аралығында шетелдіктер 8805 баланы асырап алған. Олардың 5217 -і қазір кәмелеттік жасқа толуына байланысты есептен шығарылған. Кәмелетке толмаған 3588 бала туралы есеп алынып тұрады. Өкінішке қарай, есеп бермейтіндер де, жоқ емес. Мәселен, Оңтүстік Африка еліне кеткен 30 баладан хабар-ошар жоқ. Сол сияқты АҚШ-тағы 104, Белгиядағы 113 баланың тағы сондай талай баланың тағдыры туралы білмейміз», – деді депутат.