Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелі пара беруге делдал болған деп айыпталып отыр

Жарияланды
Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты тағы бір іс қаралып жатыр / Фото: facebook.com/mukhamediuly

Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның әйелі Ғалия Ысқақоваға, қылмыстық іс бойынша министрдің адвокаты болған Мұқтасым Төлеевке қатысты сот басталды.

Арыстанбек Мұхамедиұлы 2023 жылдың 20 маусымында 8 жылға сотталды. Арада бірнеше апта өткеннен кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелі пара беруге оқталғанын хабарлады. Ал министрдің мүддесін қорғаған адвокат алаяқтық пен пара беруге итермелеу әрекетін жасады деген күдікке ілінген. Мұстақым Төлеев қамауға алынды.

Агенттіктің хабарлауынша, адвокат Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелінен пара ретінде 460 мың доллар алған. Оны сот органдарының лауазымды адамдарына беруге алған. Ол жазасын жеңілдету және қамаудан босату үшін керек болған.

2024 жылдың қаңтарында қылмыстық іс сотқа түсті. Арыстанбек Мұхамедиұлы қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа оқталу) – 367-бабы 4-бөлігі (пара беру) бойынша күдікке ілінген. Ғалия Ысқақова 368-баптың 1-бөлігі (парақорлыққа делдал болу), Мұстақым Төлеев 190-баптың 4-бөлігі 2-тармағы (алаяқтық) бойынша сотқа тартылды.

Алдын ала сот тыңдауында адвокат Ғалия Ысқақоваға қатысты «үйқамақта ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын «елден шықпауға келісімге» ауыстыруды сұрады. Алайда сот адвокаттың өтінішхатын қанағаттандырмады.

Мұстақым Төлеевтің адвокаты сотталушыға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын «үйқамаққа» немесе «өтемақыға» ауыстыруды сұраған. Сот шешімді өзгертуге негіз жоқ деп тапты.

Айта кетейік, Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты Астана сотында тағы бір қылмыстық іс қаралып жатыр. Экс-министр елордады «Дипломат» қонақүйін рейдерлік жолмен алды деген күдікке ілінген.

Прокурор Олжас Хайруллаевтың айтуынша, 2019 жылы Арыстанбек Мұхамедиұлына елордадағы «Дипломат» қонақүйінің иесі, кәсіпкер К. жүгінген. Экс-министр оған 2,5 млрд теңге беруге келісіп, оның орнына қонақүйдің жарғылық капиталының 71%-ын енесінің атына жазып беруді ұсынған. Осылайша ол қонақүйді толық иемденіп алмақ болған.

Сондай-ақ оқыңыз