Бірыңғай уақыт белдеуі 2024 жылғы 1 наурызда сағат 00:00-ден бастап елдің бүкіл аумағында орнатылады.
«Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы» Үкімет қаулысына өзгерістер енгізілген болатын. Өзгерістерге сәйкес, 2024 жылғы 1 наурызда сағат 00:00-ден бастап елдің бүкіл аумағында бірыңғай уақыт белдеуі орнатылады», – деп жазылған Сауда және интеграция министрлігінің хабарламасында.
Енді елдің бүкіл аумағына 5-ші уақыт белдеуі (UTC+5) қолданылады.
Қай өңірде сағат тілі кері жылжиды
«Қазақстан Республикасының аумағындағы уақытты есептеу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына енгізілген өзгертулерге сәйкес, Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері, Шымкент, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағатқа кері жылжыту керек.
Қаулы ресми түрде жарияланып, 2024 жылғы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
Ал қазір Қазақстанда UTC+5 және UTC+6 екі уақыт белдеуі бар. Еліміздің батыс өңірін қоспағандағы, басым бөлігі UTC+6 аймағында орналасқан.
Бірыңғай уақыт белдеуі не үшін керек
Айта кетейік, 8 желтоқсанда Сауда және интеграция министрлігі «Қазақстан Республикасы аумағында уақыт есептеу тәртібі туралы» Үкімет қаулысына өзгерістер енгізу жобасын дайындады.
Қазақстанның бүкіл аумағында бірыңғай уақыт белдеуін белгілеу мәселесін жан-жақты зерделеу үшін министрлік жұмыс тобын құрды.
Ғалымдардың пікірінше, қазіргі UTC+6 уақыт белдеуі табиғи күн уақытына сәйкес келмейді. Бұл биологиялық ырғақтар мен адам денсаулығына кері әсер етеді. Сарапшылар астана уақыты қолданылатын облыстар мен қалаларда сағат бір сағатқа (UTC+5) ауыстырылатын нұсқаны ұсынды.
Жұмыс тобының нәтижесі бойынша «Қазақстан Республикасындағы уақытты есептеуді зерттеудің негізгі нәтижелері» туралы есеп берілді.
1 желтоқсанында есеп бекітіліп, Қазақстанда бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуін енгізу ұсынылды.