Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ватиканда Рим Папасы Францискпен кездесті. Мемлекет басшысы Рим Папасының шақыруымен Қасиетті Таққа алғашқы ресми сапарын жасады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Қазақстан басшысы адамзаттың игілігі жолындағы қажымас қайраты мен қажырлы күш-жігері және әлемдегі текетірес пен алауыздыққа тосқауыл қоюға белсенділігі үшін Католик шіркеуінің Жоғарғы Понтификіне ризашылығын білдірді.
«Шын мәнінде, қазіргі геосаяси тұрақсыздық бүкіл жаһандық қауіпсіздік архитектурасына нұқсан келтіруде, сондай-ақ халықтарды үлкен қайғы-қасіретке ұшыратып, экономикалық қиындықтар тудырып отыр. Қазақстан ізгілікті жақтайтын мемлекет ретінде жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға іс жүзінде елеулі үлес қосуда. Біз әлемнің түрлі қақтығыс ошақтарындағы БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына атсалысамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақ елінің басшысы екіжақты қатынас аясында Қазақстан шынайы достыққа, келісім мен өзара құрметке негізделген Қасиетті Тақпен арадағы бұрыннан келе жатқан серіктестік байланысты жоғары бағалайтынын атап өтті. Сондай-ақ белсенді саяси диалог жүргізіліп отырғанын, құқықтық базаны ретке келтіру, кеңейту үшін нақты жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді.
Мемлекет басшысы барлық дін өкілдері Әділетті Қазақстан құруға елеулі үлес қосып жатқанына тоқталды.
«Біз «бірлігіміз әралуандықта» қағидатына негізделген бейбітшілік пен ұлттық диалогтың өзімізге тән моделін қалыптастыра алдық. Елімізде түрлі діннің өкілдері өздерінің ғибадатханаларында құлшылық ете алады. Діни сенім бостандығы құқығын қорғау – менің саяси бағдарымның ажырамас бөлігі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Понтифик бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету ісіндегі күш-жігері үшін Қазақстан президентіне алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан алдағы уақытта толеранттылық, үйлесімділік, бауырластық идеяларын дәріптеу ісінде Қасиетті Тақпен ынтымақтастық жасауға ниетті екенін растады.