Астана қалалық соты 7 жылға сотталған марафоншы Марат Жыланбаевтың үкімін өзгеріссіз қалдырды
Астана қалалық соты тіркелмеген оппозициялық «Алға, Қазақстан» партиясының жетекшісі, марафоншы Марат Жыланбаевтың аппеляциялық шағымын қанағаттандырмады. Осыған дейін 7 жылға бас бостандығынан айырылған қоғам белсендісіне қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды.
Марат Жыланбаев не үшін сотталды
2023 жылғы 29 қарашада Астананың қылмыстық істер жөніндегі соты «тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты» және «экстремизмді қаржыландырды» деген айыппен Марат Жыланбаевты 7 жылға соттаған болатын. Бас бостандығынан айырылған азамат кінәсін мойындамаған. Ол 2023 жылғы желтоқсанда сотқа аппеляциялық шағым жолдаған. Құқық қорғаушылар Марат Жыланбаевті саяси тұтқындардың тізіміне енгізген.
2024 жылғы 19 қаңтарда Астана қалалық соты аппеляциялық шағымды жабық есік жағдайында қарады. Марат Жыланбаевтың жақтастары сот ғимаратына жиналып, оны босатуды талап етті. Олардың айтуынша, сотталушыға қатысты қылмыстық істің саяси астары бар.
Болжам мен жорамалға негізделген үкім
Адвокат Бауыржан Азанов мәлімдегендей, Марат Жыланбаев апелляциялық сотқа қатыстырылмаған.
«Процесс бастала салысымен, оның сотқа қатысуы туралы арыз бердік. Алайда судья Ерғалиева өтінішті қанағаттандырмады», – дейді Бауыржан Азанов.
Оның пікірінше, Марат Жыланбаевқа шығарылған үкім «болжам мен жорамалға негізделген».
Марафоншы Марат Жыланбаевтың адвокаттары Жоғарғы сотқа шағым түсіруді жоспарлап отыр.
Марат Жыланбаев соңғы жылдары билікті сынап, наразылық шараларына қатысып жүрді. 2023 жылғы 17 наурызда ол рұқсат етілмеген митингке қатысып, Астанадағы Еуроодақ елшілігінің алдында саяси партияларды тіркеуді және саяси тұтқындарды босатуды талап етті. Осы үшін 2023 жылғы 3 мамырда әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 тәулікке қамауға алынды.
Оның жазасын өтеу күні 23 мамырда аяқталды. Алайда ол бостандыққа шыққан жоқ. Кейін полицияның марафоншыны экстремизмге қарсы күрес басқармасына жеткізіп, саяжайында тінту жүргізгені белгілі болды. Осыдан соң ол «тыйым салынған ұйымға қатысу» (ҚР ҚК 405-бабы) және «Экстремистік ұйымның қызметін қаржыландыру» (ҚК 258-бабы) бойынша күдікті ретінде 2 айға қамауға алынды. Айыптауға Марат Жыланбаевтың «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық-саяси қозғалысының мүшесі саналатын Жанна Сәрсенованың есепшотына 500 мың теңге аударғаны негіз болды.
Марат Жыланбаевтың соты 2023 жылғы 30 қазанда жабық жағдайда өтті. Қараша айының басында Марат Жыланбаев ашық сотты талап етіп, аузын тігіп тастады. Кейін ол аштық жариялады.
Сот Марат Жыланбаевты Қылмыстық кодекстің 405-бабының 2-ші және 258-бабының 2-ші тармағымен кінәлі деп танып, 3 жыл қоғамдық-саяси қызметпен айналысу, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын және телекоммуникация желілерін пайдалану құқығын шектей отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Марат Жыланбаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды. Ол «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық-саяси қозғалысына қатысы жоқ екенін, «Алға, Қазақстан!» партиясының қызметімен ғана айналысатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, Әділет министрлігі Марат Жыланбаевтың «Алға, Қазақстан» партиясын тіркеуден 16 рет бас тартқан. Осыған қатысты пікір білдіргенде Әділет министрі Азамат Есқараев бастамашыл топтың құжаты заң талабына сай келмейтінін алға тартқан.
Марат Жыланбаев кім
Марат Жыланбаев 1963 жылғы 19 тамызда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Фрунзе совхозында дүниеге келген. Қазақстандық ультимарафоншы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Гиннестің рекордтар кітабына жеті түрлі рекордпен енген. Адамзат тарихында Азияның, Африканың, Аустралияның және Американың ең үлкен шөлдерін жүгіріп өткен бірінші және жалғыз спортшы.