Башқұртстандағы толқу әлі басылмады: полиция қарсылық акциясына шыққандарды таратып жіберді

Жарияланды
Башқұртстан

Башқұртстан республикасының Уфа қаласында қарсылық акциясына шыққан халықты полиция күшпен таратты / Фото: ашық деррекөздерден

Башқұртстандағы толқу әлі басылған жоқ. Бүгін де Уфаның орталығына жиналған халықты әскерилер автобустарға тиеп алып кетіп жатыр, деп хабарлайды БелСАТ арнасы.

Қоғам белсендісі Фаил Алсыновтың қолдаушылары бүгін Уфадағы Салават Юлаевтың ескерткішінің жанында митиңге шыққан.

«Түннен бері Салават Юлаевтың ескерткіші орнатылған алаң күзетте. Ескерткішке жиналған адамдардың барлығын ұстап алып кетіп жатыр»,деп хабарлады телеарна.

Танымал әртіс Алтынай Валитов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында 19 қаңтарда сағат 10-да қарсылық акциясына шығуға үндеген. Оның үндеуі тез таралып кеткен.

«Барлық жерде бір пропаганда. Бәрі «біз – орыспыз» дегенді миымызға сіңіргісі келеді. Бірақ біз – орыс емеспіз, біз башқұрт халқымыз. Біздің мыңжылдық тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз, жеріміз бар», – деп мәлімдеді Валитов.

Еске сала кетсек, Башқұртстанда қоғам белендісі Фаил Алсынов 4 жылға сотталды. Оған «ұлтаралық араздықты қоздыру», «мемлекетке қарсы наразылықтарға шақыру» және «экстремистік әрекеттерді жүзеге асыру», сондай-ақ «РФ Қарулы Күштерінің беделін түсіру» баптары бойынша айып тағылған.

Сонымен бірге ел билігі оның «қара халық» деген сөзін басқа ұлт өкілдерін кемсіту деп бағалаған. Қоғам белсендісі бұл сөзді Орта Азия, Кавказ, армян халқына қатысты қолданған. Бірақ башққұрт тілінде «қара халық» сөзінің мағынасы «қарапайым халық» дегенді білдіреді. Десе де, тергеу ісінде бұл сөз ұлтараздықты қоздыру әрекеті деп бағаланған.

Алсынов қамалған күні, 17 қаңтарда Баймақ қаласының тұрғындары сот өткен ғимаратқа жиналып, қарсылық білдірді. Митиңге қатысушылар қарасы көп болғандықтан, билік оны күшпен таратты. Халыққа қарсы шулы және көзден жас ағызатын гранаттар қолданылған.

Башқұртстан басшысы Радий Хабиров Алсыновты «сатқын» деп айыптады.

«Алсынов туралы айтатын болсақ, ол экстремизм үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Росфинмониторингтің шешімімен ол экстремистік және террористік әрекетке қатысы бар тұлғалардың тізіліміне енгізілді. Бұл өте ауыр айыптар. Жақсы экологиялық белсендінің, патриоттың бетпердесін киюге болады, бірақ іс жүзінде жағдай мүлдем басқаша. Шын мәнінде сатқындар тобы Башқұртстанды Ресейден бөлуге шақырады. Олар партизандық соғысқа үндейді. Мен экстремизмге төзбеймін», деп мәлімдеді ел президенті.

Ал бұл оқиғаға қатысты Ресейдің федералды органдары ешқандай түсініктеме бермеді. Ресей блогерлері бұл митиңді «экстремистік әрекет», «этно-майдан» деп бағалады. Барлығы бірауыздан халық толқуларына «шетелдің тікелей қатысы» бар екенін жарыса жазды.

Сондай-ақ оқыңыз