Қазақстанда құны 46 триллион доллардан асатын барланбаған 5 мың кен орны бар – Президент

Жарияланды
«Қазақстан-Италия» инвестициялық дөңгелек үстелі

«Қазақстан-Италия» инвестициялық дөңгелек үстелі 30-ға жуық компанияның қатысуымен өтті / Фото: kursiv.media

Қазақстанда құны 46 триллион доллардан асатын бес мыңнан астам барланбаған кен орны бар. Бұл жайлы президент «Қазақстан-Италия» инвестициялық дөңгелек үстелі кезінде айтты.

Дөңгелек үстелге халықаралық деңгейдегі 30-ға жуық компания қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері туралы айтты. Ол әлемдегі геосаяси жағдайға қарамастан, еліміз аймақтағы ең ірі және қарқынды дамып келе жатқан экономикалардың бірі ретіндегі орнын сенімді түрде сақтап отырғанын атап өтті.

«Біздің орта мерзімді перспективадағы стратегиялық мақсатымыз – 2029 жылға қарай экономиканың көлемін екі есе ұлғайтуға мүмкіндік беретін 6-7 пайыздық өсімге қол жеткізу. Ол үшін ауқымды реформалар жүргізу қажет еді. Сондықтан саяси реформалармен қатар, нарықтық және бәсекеге қабілетті экономикамызды айтарлықтай нығайтып жатырмыз. Мен мұны табысқа жетудің қажетті шарты деп есептеймін. Қазақстанда таяу арада экономикамыздың ашық, сенімді және қарқынды дамуына ықпал ететін аса маңызды әрі түбегейлі реформалар басталады. Мұны сіздерге сенімді түрде айта аламын. Мақсатымыз – Қазақстандағы стандарттарды, ережелерді және бизнес жүргізу тәжірибесін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деңгейіне жеткізу. Біз ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін инвестициялық ахуал қалыптастыруға ұмтылып жатырмыз», – деді Мемлекет басшысы.

Перезидент инвесторларға оңтайлы әрі ыңғайлы орта қалыптастыру үшін бизнеске қойылатын артық талаптарды анықтап, олардың жойылғанын мәлімдеді. Осы орайда мемлекет басшысы технологиялық революцияны және алдағы уақытта аса маңызды шикізатты өндіру және өңдеу саласында жаһандық сұраныстың еселеп өсетіні жөніндегі болжамды ескеріп, Италия кәсіпкерлерін осы бағытта ынтымақтастық орнатуға шақырды. Мемлекет басшысы елімізде барланбаған кен орындарының көп екенін айтты.

«Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстанда құны 46 триллион доллардан асатын бес мыңнан астам барланбаған кен орны бар. Бүгінде біз Еуропа Одағына мүше елдердің экономикасына қажетті ең маңызды 34 шикізаттың 19 түрін өндіреміз. Қажетті инвестиция болса, кобальт, вольфрам, литий сияқты пайдалы қазбалардың 9 түрін игеруге болады», – деді Тоқаев.

Жиын соңында Самұрық-Қазына» АҚ мен Balestra арасындағы Түркістан облысы Созақ ауданы Тайқоңыр ауылында қуаты жылына 800 мың тонна болатын күкірт қышқылы зауытын салу жобасының шарттары мен мерзімін айқындайтын келісімге қол қойылды. Сонымен бірге «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен SACE арасындағы экономиканың басым секторларындағы инвестициялық жобалар жөнінде Италияның қатысуымен жасалған мәмілелерді сақтандыру лимитін белгілеу туралы негіздемелік келісімі жасалды. Ал «Самұрық-Энерго» АҚ мен Ansaldo Energia SpA арасындағы қуаты 544 МВт-қа дейін жететін бу-газ қондырғысын салу арқылы Алматыдағы үшінші ЖЭО-ны реконструкциялауды көздейтін ынтымақтастық туралы келісімге келді. Сондай-ақ Қазақстандағы италиялық кәсіпорындарды және Италиядағы қазақстандық кәсіпорындарды қолдауға, сондай-ақ Қазақстан мен Италия бизнесі арасындағы экономикалық және сауда қатынастарын нығайтуға бағытталған «Атамекен» ҰКП мен Confiindustria арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум бекітілді.

Еске сала кетсек, мемлекет басшысы Италияға арнайы сапармен келді. Бұл сапарында президент  Италия Президенті Серджо Маттарелламен және Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелонимен келіссөздер жүргізді.

Сондай-ақ оқыңыз