Жаңалықтар

Италиядан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция 7,3 миллиард долларды құраған

Джорджа Мелонимен келіссөз барысында Алматыда Италия мәдениеті институтының ашылатыны айтылды / Фото: Ақорда

Италиядан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция 7,3 миллиард долларды құраған. Бұл жайлы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелонимен келіссөз барысында айтты, деп хабарлайды Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Италия арасында тығыз саяси диалог, берік экономикалық ықпалдастық, табысты мәдени-гуманитарлық байланыс орнағанын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, Италия – Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі және ел экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бестігіне кіреді. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы 15 миллиард долларға жуықтады. Италиядан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция 7,3 миллиард долларды құрады. Бүгінде біздің елімізде 300-ден астам италиялық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында ENI, SDF Group, PetroValves, Maire Tecnimont, IVECO, Tenaris және басқа да ірі инвесторлар бар.

«Біз Италияның Орталық Азиядағы басты серіктесі болғанымызды мақтан тұтамыз. Екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді және қарым-қатынастарды одан әрі арттыруға мол әлеует бар», – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік, өңірлік тұрақтылық, терроризмге қарсы күрес, климаттың өзгеруі сияқты мәселелерге қатысты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді. Ол БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі және ЭЫДҰ аясындағы әлемдік аренада ортақ мақсаттарға қол жеткізу ісіндегі екі елдің табысты серіктсетігін бекіте түсетінін мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Алматыда Италия мәдениеті институтының ашылуын құптады. Оның пікірінше, мәдени дипломатия, білім беру саласындағы серіктестік және туризм елдер арасындағы байланыстарды тереңдетуде маңызды рөл атқарады.

Кездесу барысында маңызды құжаттарға қол қойылған. Олар келесідей:

  • Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі арасындағы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер жерленген орындардың мәртебесіне қатысты келісім;
  • Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Италия Республикасының Әділет министрлігі арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
  • Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Италия Республикасының Мәдениет министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Италия Республикасының Университеттер және зерттеулер министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Италия Республикасының Ұлттық мемлекеттік басқару мектебі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • Қазақстанның «Самұрық-Қазына» қоры мен Италияның «Cassa Depositi i Prestiti» компаниялар тобы арасында бірлескен инвестициялық қор құру және өңдеу өнеркәсібі, энергетика, логистика салаларына инвестиция салу туралы келісім;
  • Қазақстанның «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Италияның «ENI» компаниясы арасындағы жалпы қуаты 247 MBт болатын гибридті электр станциясын (жел электр станциясы, күн электр станциясы) салу жөніндегі бірлескен жобаны жүзеге асыру туралы бірлескен түпкілікті инвестициялық шешім.

Сонымен бірге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Президенті Серджо Маттарелламен келіссөз жүргізді. Келіссөз барысында президент Италия Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі екенін айтты.

«Өзара сауда-саттық көлемі 14,5 миллиард доллардан асты. Таяу жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы 20 миллиард долларға жетеді деп сенеміз. Италия – Қазақстан экономикасына қаржы салған басты инвесторлардың бірі. Біздің нарықта 300-ге жуық италиялық компания жұмыс істейді, соның ішінде ENI кәсіпорны да бар. ENI – көшбасшы компания. Біз екіжақты қатынастардағы жетістіктерді жоғары бағалаймыз. Біз олардың жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауды одан әрі жалғастыра береміз. Дегенмен экономика бағытына ғана емес, мәдениет, туризм сияқты басқа да көптеген саладағы ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру қажет. Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастық өте табысты болатынына сенімдімін», – деді Президент.

Еске сала кетсек, бейсенбі күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Италияға келген болатын.