Жаңалықтар

Қазақстанның бітімгершілік күштері шиеленісті аймақ – Голан үстіртіне жіберіледі: ол үшін бюджеттен 8 млн доллар бөлінген

Қазақстанның бітімгершілік контингенті
Қазақстанның бітімгершілік контингенті Голан үстіртіне наурызда жіберіледі / Фото: shutterstock; freepik

Парламенттің қос палатасы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының миссияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін жіберу туралы ұсынысын мақұлдады.

Оған сәйкес Қазақстанның бітімгершілік контингенті Голан үстіртіне жіберіледі. Әскери құрам БҰҰ-ның миссиясын орындауға осы жылдың наурыз айында кетеді. Қазақстанның әскери ротасы ол жерде 1 жыл қызмет етіп келеді. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов журналистерге жіберілетін ротаның дайындығы жөнінде айтып берді.

«Бұл – Қазақстанның Голан үстіртінде жүргізетін алғашқы дербес бітімшершілік миссиясы. Оның әскери құрамына 139 қызметкер кіреді. Рота құрамына мерзімді әскери қызметкерлер кірмейді. Тек кәсіби әскерилер мен келісімшартпен жұмыс істейтін әскери қызметкерлер, офицерлер барады. Олардың барлығы алдын-ала дайындықтан өткен. Сонымен бірге БҰҰ бағдардамасы бойынша бір жыл оқытылғанын айта кеткім келеді. Біз бітімгершілік миссиясын атқаратын ротаны БҰҰ-ның талаптарына сай, қажетті жабдықтармен қамтамасыз еттік. Халықаралық комиссия дайындығымызды өте жоғары бағалады»,– деді министр.

Қорғаныс министрі бітімгершілік миссиясына әскерилер қандай талаптар бойынша іріктелетініне де тоқталып өтті.

«Бірінші кезекте біз қызметкердің моральдық жағдайына және біліктілігіне мән береміз. Сонымен бірге денсаулық жағдайы, әскери дисциплина, әскери қызметкер ретіндегі жеке дайындық деңгейі, тіл білімі және заңды білуіне аса үлкен мән беріледі», – деді.

Бұл миссия қаншалықты қауіпті?

Бітімгершілік миссиясына жіберілетін рота құрамына – бітімгершілік, барлау, инженерлі-саперлік, техникалық және медициналық бөлімшелер кірген. Яғни біздің әскерилер ешқандай шиеленіске араласпайды, ұрысқа қатыспайды. Десе де, бұл жердің даулы аймақ екенін ескерсек, қауіп те жоқ емес секілді. Журналистер «әскерилердің өміріне қауіп төніп, сол жерде қаза болуы мүмкін бе?» деп сұрады. Министр әскери қызметкердің жалпы қызметі қауіпке толы екенін айтты.

«Әскерилердің қызметі онсыз да қауіпті екенін білесіздер. Тіпті бейбіт кезеңде әскерилеріміздің өміріне қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан әскерилердің өмірі үнемі қауіпсіздікте болады деп ешкім кепілдік бере алмасы анық. Сол себепті бейбітшілік миссиясы барысында түрлі жағдайлар болуы мүмкін екенін мойындауымыз керек», –деді министр.

Осы орайда министр бітімгершілік миссиясының міндеті екі тараптың шиеленісін болдырмау екенін айтты.

«Бітімгершілік контингент екі жақтың қарама-қайшылығын болдырмауға тырысады. Патруль жүргізеді. Әскери бекеттерде қызмет етіп, жергілікті жерлерді минадан тазалайды. Сонымен бірге гуманитарлық функцияларды атқарады», – деді.

Бюджеті қандай?

Жақсылықовтың айтуынша бұл шараға ел бюджетінен шамамен 8 млн доллар қаражат бөлінеді. Оның өзінде бұл қаражат негізінен қару-жарақ пен керекті әскери техникалардың тасымалына жұмсалады. Ал әскерилерге жалақыны БҰҰ төлейді. Ұйым бекіткен жалақы мөлшерлемесі – 1 мың доллар.

Голан үстірті – стратегиялық әрі даулы аймақ. Негізінен таулы жерлер болып келеді. Ливан, Сирия, Иордания  және Израильмен шектесіп жатыр. Қазіргі таңда Израиль бақылауында. 1981 жылы Израиль Кнессеті «Голан шыңдары туралы заңды» қабылдады, осы заң бойынша Израиль бұл аймақтың үстінен біржақты суверенитет жариялады. Бірақ 1981 жылғы 17 желтоқсанда БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі аннексияны жарамсыз деп таныды.