Meta Platforms капитализациясы соңғы рет екі жыл бұрын жеткен 1 трлн доллар деңгейіне жақындады. 2022 жылы компания құны құлдырауынан кейін, басшылық 2023 жылды «тиімділік жылы» деп жариялап, шығындарды азайта бастады. Бұл өткен жылы акциялардың шамамен 200% өсуіне әкелді.
Bloomberg ақпаратына сүйенсек, 18 қаңтардағы сауда-саттық қорытындысы бойынша Meta нарықтық капитализациясы 966,6 млрд долларды құрады.
Бейсенбіде компанияның акциялары 2,1% қымбаттап, 376,13 доллар деңгейінде жабылды. Соңғы рет мұндай максималды құн 2021 жылдың қыркүйегінде болған. Meta капитализациясы 1 трлн долларға жетуі үшін акциялар 389,13 долларды құрауы керек.
Сарапшылардың 71% компания акцияларын сатып алуды ұсынады. Ал 15% қазір бар акцияларды сақтап тұруды ұсынады. Мақсатты баға бойынша консенсус 390,2 доллар. 17 қаңтарда сарапшылар Meta акцияларының алдағы құны бойынша болжамды 16,9% көтеріп, 355 доллардан 415 долларға дейін өсірді.
Қазір әлемде АҚШ 5 компаниясы ғана 1 трлн долларға бағаланған: Microsoft, Apple, Alphabet, Amazon және Nvidia. Олардың қатарына жақында Мeta және Tesla кіруі мүмкін. Бұл компанияларды қазірдің өзінде сарапшылар «керемет жетілік» деп атайды.
Meta Platforms Inc. компаниясы Facebook пен Instagram-ның аккаунттарын растағысы келетін пайдаланушыларына ақылы тексеру қызметі – Meta Verified енгізген.
2023 жылдың 4 шілдесінде компания Twitter-ге балама Threads микроблогтар қосымшасын іске қосқан. Threads қосымшасы App Store-да «алдын ала тапсырыс үшін» 5-шілдеден бастап болатыны айтылған.
Threads микроблогы 30 тілде ұсынылады, арасында орыс тілі де бар. Бұл қосымшада қолданушылар Instagram-дағы есептік жазбаларын және есімін пайдалана алады. Twitter-дегі секілді мұнда да мәтін хабарламасын жазып, өзгелердің жазбасына реакция білдіріп, пікір қалдырып, бөлісуге мүмкіндік бар.