Жаңалықтар

Бас прокуратура: “Қорғас ісіне” қатысты тағы бір күдікті ұсталды

Фото:kursiv.media

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қалалық департаментінің бұрынғы қызметкері Кенжебай Жұмабеков қамауға алынды. Экс-шенеунікке азаптау фактілері бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Ведомствода Кенжебай Жұмабеков ұсталғаны туралы ақпарат расталды. Ол 11 қаңтарда Алматыда азаптау күдігі бойынша қамауға алынды.

«Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайы, сондай-ақ іске қатысы бар адамдарды анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр»,– делінген хабарламада.

Қадағалау ведомствосы басқа мәліметтерді жариялаған жоқ.

Қорғас ісі бойынша

«Время» газеті Кенжебай Жұмабековты тұтқындауды «Қорғас ісімен» байланыстырады. Жұмабеков Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қалалық департаментінің бастығы болды. Жұмабеков «Қорғас ісі» бойынша дәлелдерді бұрмалауға, жазықсыз азаматтарды заңсыз қылмыстық жауапкершілікке тартуға қатысы болуы мүмкін»,– дейді БАҚ.

Естеріңізге салайық, 2014 жылы Қазақстан-Қытай шекарасында контрабандалық тауар өткізу желісін ұйымдастырып, кәсіпкерлерден ақша жинады деп айыпталған 45 адам сотталды. Олардың басым бөлігі Кеден қызметінің аймақтық органдары мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары лауазымды қызметкерлері болды. «Қорғас ісі» бойынша негізгі ұйымдастырушы деп танылған Талғат Қайырбаев 16 жылға, Бақыт Отарбаев 17 жылға сотталды. Алматы облысы бойынша Кедендік комитет департаментінің бұрынғы басшысы, полковник Құрманбек Артықбаев 14 жылға бас бостандығынан айырылды. «Қорғас» кеден бекетінің бұрынғы басшысы, кеден қызметінің подполковнигі Бақытжан Айдаров 5 жарым жылға, «Қалжат» кеден бекетінің бұрынғы басшысы Миндулла Үмбетқалиев 9 жылға, «Алатау-ЦТО» кеден бекетінің бұрынғы басшысы Михаил Войтович 8 жылға сотталды.

Айта кетейік, былтыр атышулы «Қорғас ісіне» бұрынғы бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың қандай қатысы бар екенін жазған болатынбыз.