Қазақстандық тележүргізуші Владимир Рерих қайтыс болды
Белгілі тележүргізуші Владимир Рерих көз жұмды. Бұл ақпаратты марқұмның бұрынғы әйелі, белгілі тележүргізуші Дана Нұржігіт әлеуметтік желіде растады.
«Әлімнің әкесімен соңғы кездесуі екен…
Володя, Владимир, Владимир Ахмадьянович Рерих бүгін Берлинде дүниеден озды…1996 жылы 11 наурызда танысқан өзіңмен 2000 жылдан 15 жыл отастық.
Ұлды болдық. Түсініспеген жерден мен Қазақстанда қалып, сен Германияға кеттің. Бірақ сен менің тұлға болып қалыптасуыма, маман болып өсуіме, ана болып бала тәрбиесінде неге мән беру керектігіме зор ықпал еттің, ақылшым, сапалылық, даналық, ар, кәсібиліктің биік өлшемі болдың. Парасатың, білімің, шешендік өнерің, зиялылығың ерекше еді.Желтоқсанда барамыз деп Берлинге билет алғаным жоспарлы сапар болған жоқ, қазан айында өзімнен-өзім баланы саған апарғым келді. Соңғы кездесу боларын кім білген, Володя!
Анаң Эмма Александровна, менің аяулы енемнің қасына кеттің…
Балаң өзіңді көріп, биылғы туған күніңмен бірінші болып құттықтағаны соңғы рет екен ғой…Мына дүниеден тыныштық таппаған, түсіністік таппаған жаның жәннәттан рахат тапсын!
Кешір мені», – деп жазды Дана Нұржігіт.
Тележүргізуші 1987-1994 жылдары «Советтік Қазақстан» киножурналында режиссердің көмекшісі, редактор болды. Кейін ол «Қазақфильм» киностудиясында режиссер, сценарист, көркемдік жетекші қызметтерін атқарған.
1996-2003 жылдары «Хабар» агенттігінде басшылық қызметтерде жұмыс істеген.
2006-2011 жылдары – Еуразиялық медиа форумның бас продюсері, «Хабар» телеарнасындағы «Поздний Рерих» телебағдарламасының авторы және жүргізушісі болған.
Владимир Рерих 2012 жылы Германияға қоныс аударған болатын.