Жаңалықтар

Қырғызстан көршілеріне қанша су қажет болса, сонша береді – Жапаров

Қырғызстан көршілеріне қанша су қажет болса, сонша береді – Жапаров /Фото: agro.gov.kg и shutterstock

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров суару маусымында Қазақстан мен Өзбекстанға өзен суы берілетінін айтты. Бұл туралы ол «Кабар» мемлекеттік агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.

Жапаровтың айтуынша, биыл Қырғызстанда суармалы су тапшылығын шешу үшін жаңа тәуліктік (ТРБ) және онкүндік (ОРБ) реттеуші бассейндер салынады.

«Биыл біз бәрін тазалап жатырмыз. Сонымен қатар бүкіл ел бойынша жаңа ТРБ және ОРБ бассейндер салу туралы тапсырма бердім. Қыста ТРБ және ОРБ-ға еріген суды жинайтын болсақ, көктемнен бастап өзен суы көршілерге толығымен ағып кетеді. Яғни олар бұрынғыдан да көп су алады. Суару маусымында диқандарымыз ТРБ және ОРБ суын, ал көршілеріміз ағынды суды пайдалана алады», – деді Қырғызстан президенті.

Ол суару маусымында қырғызстандық фермерлер ТРБ және ОРБ суын, ал Қазақстан мен Өзбекстан ағынды суды пайдалана алатынын айтты.

«Егер қыста су қорын жинасақ, ол көршілерімізге де молынан жетер еді. Қыста ағып жатқан ағынды суды кейіннен дау тумас үшін тиімді пайдалануға тырысамыз. Көршілерімізге қанша су қажет болса, сонша береміз»,– деді Садыр Жапаров.

Айта кетейік, былтыр Қырғызстаннан Жамбыл облысына суаруға арналған су жеткілікті мөлшерде берілмегендігіне байланысты Қазақстан шамамен 560 гектар алқаптағы егінінен айырылды деп хабарладық.

Сондай-ақ Қырғызстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанның Жамбыл облысын сумен қамту жағдайына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды 24.kg. Қырғыз тарапының мәліметінше, Қазақстан өзіне тиесілі үлесті пайдаланып тастаған. Яғни, үнемдемеген. Ал қырғыз тарапы кесте бойынша үнемдеп, су тапшылығын болдырмаған.