Егіс алқаптарын әдейі қысқарту салдарынан елімізде күріш импорты 12%-ға артып, бағасы 39%-ға дейін өскен
Елімізде күріш өндіріс төмендеп, импорты 12%-ға артқан. Бұл жайлы ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Агенттік күріштің көтерме сату нарығына талдау жүргізген. Осының нәтижесінде елімізде күріш нарығының бір жерде көп шоғырланғанын анықтаған. Жалпы күріштің 20-дан астам өндірушілері Қызылорда облысында орналасқан екен. Бұл күріш бағасына айтарлықтай әсер еткен. Өнім бағасының көтерілуіне су тапшылығы да себеп. Салдарынан импорт артқан.
«Меншікті өндірістің төмендеуі және импорт үлесінің жылдар бойынша динамикада 4-тен 12% – ға дейін ұлғаюы байқалады. Судың жетіспеушілігіне және шығындардың өсуіне байланысты егіс алқаптарының әдейі төмендеуі байқалады. Бұл ішкі баға өсімінің жоғары динамикасының басты себебі болды. Егер 2022 жылы күріш бағасының өсуі 36%-ды құраса, 2023 жылы – 39%-ды құрады, бұл өткен жылы 3,4%-ды құраған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуінің жалпы деңгейінен айтарлықтай асып түседі»,– делінген хабарламада.
Агенттік тарапынан монополияға қарсы шаралар қолданылып, нәтижесінде бағаның өсу динамикасы сәл төмендеген. Баға бойынша сөз байласқандар жауапқа тартылған. Атап айтқанда 6 күріш өндіруші 68,7 млн теңге айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік жазасы қолданылған.
Дегенмен күріш бағасына әсер ететін негізгі факторлар сақталған. Оның негізгілерінің бірі – өндіріс көлемінің төмендеуі. Оған:
- суармалы судың жетіспеушілігі;
- ауыл шаруашылығы техникасы, тыңайтқыштар мен сырттан әкелінетін қаптама бағасының көтерілуі;
- субсидиялардың уақытылы берілмеуі әсер еткен.
Осыған орай, монополияға қарсы орган Ауыл шаруашылығы министрлігіне субсидиялар бөлу кезінде күрішті басым дақылдар тізіміне енгізуді ұсынған. Сонымен бірге агенттік оңтүстік өңірлерді сумен қамтамасыз етуді жоспарлауды ұйымдастырса, күріш өндірушілеріне жеңілдетілген несиелендіру үлесін арттырса, күрішті бөлшек сауда желілерімен тікелей сатып алу және тыңайтқыштар мен қаптама материалдарының отандық өндірісін дамытса, қымбатшылық мәселесін шешуге болады деп есептейді.
Еске сала кетсек, АШМ вице-министрі Әбілхайыр Тамабек 2023 жылдың наурызында үкіметтің суды көп қажет ететін дақылдар алаңын азайту жөніндегі тапсырмасына қарамастан, күріш алаңдарын өткен жылмен салыстырғанда 7.6 мың гектарға ұлғайғанын айтқан. Жалпы, астық, көкөніс, бақша, картоп бойынша жоспарланған алаңдар ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін мәлімдеген.
Ал тамызда ҚР АШМ Агроазық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаменті директорының міндетін атқарушы Шаймерден Ахметов Қызылорда диқандары қуаңшылықтан зардап шекпегенін, биыл Қазақстан күріштен мол өнім алуды жоспарлап отырғанын айтқан. Ол тіпті экспортқа шығаруға да жетеді деп мәлімдеген болатын.
«Биылғы жыл диқандарымыз үшін ауырлау болды. Бірақ құрғақшылық еліміздің барлық өңірінде болған жоқ. Қызылорда облыстық әкімдігінің мәліметінше, биыл бұл өңір қуаңшылықтан қатты зардап шекпеген. Жылдық күріш түсімі қанағаттанарлық деңгейде болады деп күтілуде. Биыл шамамен 240 мың тонна күріш өндіріледі деп отырмыз», – дейді министрлік өкілі.
Департамент басшысының айтуынша, еліміздегі тұтынушылар бұл көлемнің жартысын ғана тұтынады. Ал қалған жартысы экспортқа жөнелтілмек.
«Бұл көлемнің біз тең жартысын ғана тұтынамыз. Күріш жеткілікті мөлшерде. Сол себепті қуаңшылыққа байланысты күрішсіз қалуымыз мүмкін деген болжам шындыққа жанаспайды. Күрішсіз қалмаймыз. Күріштің қалған жартысы экспортталады. Биыл біздің экспорттық потенициалымыз жоғары. Ресей мен Үндістан экспортының жабылуына қатысты Қазақстанның жаңа нарықтарға шығу мүмкіндігі жоғары», –деді Шаймерден Ахметов.