«Қазмұнайгаз» бен Eni компаниясы Каспий теңізі жағалауынан тағы да мұнай іздейді
Фото: kursiv.media
Итальяның Eni компаниясы мен «ҚазмұнайГаз» биыл ІІІ тоқсанда Каспий теңізінде барлау-бұрғылау жұмысын бастайды. Бұл туралы ҚМГ төрағасы Мағзұм Мырзағалиев 24KZ телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
«Биыл Eni компаниясымен бірлесе отырып, Каспий теңізінде барлау бұрғылау жұмыстарын қолға алмақпыз. Жалпы, кейінгі жылдары жылдары Каспий теңізінде барлау жұмысы жұмысы жүргізілмеді. Біз үшінші тоқсанда тиісті ұңғыманы бұрғылауды жоспарлап отырмыз. Eni-мен бірлескен геологиялық барлау жүмысының бюджеті – 300 миллион долларға жуық», – деді Мырзағалиев.
2023 жылы ҚМГ, Энергетика министрлігі және Eni компаниясы Абай кен орнында көмірсутектер барлау мен өндіруге келісімшарт жасады. Келісімшарт бойынша кем дегенде бір барлау ұңғымасын бұрғылау және 3D сейсмикалық зерттеу жүргізу міндеттелген.
«Абай» кен орны Каспий теңізінің қазақстандық аймағының солтүстік бөлігінде орналасқан. Ең жақын порт – Баутино ауылы. Жағаға дейінгі қашықтық 65 км, су тереңдігі 8-10 метрдей.
Eni – Қазақстанның мұнай-газ барлау және өндіру секторында 1990 жылдардың басынан бері келе жатқан компания. Қарашығанақ кен орны операторларың бірі.
Қарашығанақ бойынша өнімді бөлу туралы түпкілікті келісім (ӨБТК) Қазақстан мен Халықаралық консорциум арасында 1997 жылы 18 қарашада жасалған.
Royal Dutch Shell мен Eni компаниялары – Қарашығанақ жобасының бірлескен операторлары. Бұл жоба «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.»(КПО) арқылы жүзеге асырылып жатыр. КПО-дағы акционерлердің иелік ету үлесі: ҚМГ (10%), Eni (29,25%), Shell (29,25%), Chevron (18,00%), ЛУКОЙЛ (13,5%).
Eni компаниясы – Қашаған кен орнына инвестиция салған компаниялардың бірі.
Былтыр Қазақстан үкіметі Қашағанды игерумен айналысып жатқан акционерлерге құны $13 млрд құрайтын даулы мәселеге қатысты арбитражға жүгінген. Бұл туралы осы мәселеден хабары бар ақпарат көздеріне сілтеме жасап, Bloomberg агенттігі хабарлаған.
Үкімет Eni SpA, Shell Plc, Exxon Mobil Corp. және TotalEnergies SE компанияларың үстінен сотқа шағымданған. Қашағанға 55 млрд доллар инвестиция салған компанияларға рұқсат етілмеген шығын жұмсады деген айып тағылды.
Былтыр «ҚазМұнайГаз» ҰК мен Eni Жаңаөзенде Гибридті электр стансасының жобасын бірлесіп жүзеге асыратынын хабарлады.