Жаңалықтар

Денсаулық сақтау саласына 130 млрд теңгеден астам қаржы не үшін бөлінді?

Денсаулық сақтау саласына 130 млрд теңгеден астам қаржы не үшін бөлінді?/kursiv.media

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ұйымдардың қаржылық шығыны мен кредиторлық берешегін қысқарту үшін медициналық көмектің түрі мен көлеміне қатысты тарифтерді кезең-кезеңімен қайта қарап жатыр.

Бұл туралы үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың сенатор Ақмарал Әлназарованың депутаттық сауалына берген жауабында жазылды.

«Осы мақсатқа 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде қосымша 44,2 млрд теңге бөлінді. Қаражаттың 1,1 млрд теңгесі –шұғыл медициналық көмекке, 37 млрд теңгесі – онкологиялық ауруларды емдеуге, 3,8 млрд теңгесі – амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бағытталды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активінен 58,9 млрд теңге қосымша қаражат қарастырылды», – делінді ресми жауапта.

Әлихан Смайыловтың нақтылауынша, 2024 жылға арналған республикалық бюджетте басқа да шығыстардың (дәрі-дәрмек, азық-түлік, ғимараттарды күтіп ұстау қызметі, жабдықтар, коммуналдық қызмет) индексациясына 15 млрд теңге және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 50,3 млрд теңге бөлінеді.

«Медициналық көмек көрсету тарифінде медициналық емес қызметкерлердің жалақысын 20%-ға өсіру және жұмыс берушінің қызметкердің ай сайынғы табысының 1,5% мөлшерінде міндетті зейнетақы жарнасын аударуы ескерілген», – деп нақтыланған үкімет басшысының депутатқа берген жауабында.

Бұл мақсатқа 2024 жылға арналған республикалық бюджетте 65,3 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған.

«Қабылданған шаралар медициналық ұйымдардың мерзімі өткен кредиторлық берешегін 19,1 млрд теңгеден (2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша) 8,8 млрд теңгеге (2023 жылғы 20 желтоқсандағы жағдай бойынша), оның ішінде Шығыс Қазақстан облысында 1,1 млрд теңгеден 255,4 млн теңгеге дейін қысқартуға мүмкіндік берді», – деп түсіндірілген Әлихан Смайыловтың жауабында.

Айта кетейік, бұл іс денсаулық сақтау саласындағы қаржылық мәселелерді шешудің кешенді жоспары аясында атқарылды. Көрсеткішті жақсарту үшін үкімет денсаулық сақтаудың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды жетілдіру, оның ішінде медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегін болдырмау бойынша қосымша шара әзірлеп жатыр.

Естеріңізге салайық, сенатор Ақмарал Әлназарова өзінің депутаттық сауалында медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі 100 млрд теңгеден асқанын мәлімдеген болатын.  

«2023 жылғы 20 қарашадағы жағдай бойынша 619 медициналық ұйымда жалпы сомасы 109,6 млрд теңге болатын несие  берешегі бар. Медициналық ұйымдар тиімсіз шығындарды ғана емес, халыққа көрсетілетін қызмет көлемін де қысқартуға мәжбүр. Медициналық қызметтердің тарифі нақты шығынды жаба алмайды, бұл медициналық ұйымдарда «тесіктерді бітеу» тәжірибесіне әкеліп соқты», – деген еді Ақмарал Әлназарова.