Жаңалықтар

Африка елдеріне бала берген жоқпыз: СІМ сенат депутатының сөзі шындыққа жанаспайтынын жариялады

СІМ Африкаға бала берілмегенін мәлім етті/Коллаж: kursiv.media

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров осыдан 4 күн бұрын үкімет басшысы мен Бас прокуратураға сенатор Дархан Қыдырәлінің атынан жолданған депутаттық сауалда шындыққа жанаспайтынын мәлімет жарияланғанын мәлімдеді.

«Шетелдіктер асырап алған бала 18 жасқа дейін Қазақстан азаматы болып қала береді. Оларды біздің шетелдегі консулдар бақылайды, қажет болған жағдайда көмектеседі. Бала 18 жасқа толғаннан кейін, қай елдің азаматтығын алатынын өзі шешеді. Егер ол 18-ден асқаннан кейін басқа елдің азаматтығын алса, біз ешқандай әрекет жасай алмаймыз. Өйткені бұл азаматтың жеке шешімі. Асырап алған ата-аналар бала 18 жасқа толғанға дейін консулға есеп беріп тұруы керек. «Бірнеше бала туралы ақпарат жоқ» деген мәлімет шындыққа сәйкес келмейді. Біз барлық балаға қатысты ақпарат жинаймыз. Кейбір кезде бір мекенжайдан басқа мекенжайға көшіп кеткенде ғана ақпарат болмай қалуы мүмкін», – деді Айбек Смадияров журналистерге арналған брифингте.

СІМ ресми өкіл «асырап алынған қазақ балалары экзотикалық елдерге кетті» деген ақпаратты да жоққа шығарды.

«Тоқсаныншы жылдары қазақ балалары шетелге алғаш жіберіле бастағанда «тек Батыс елдерінің өкілдеріне берілсін!» деген талап болған. Батыс елдерінің азаматтары сол елдерде дипломат болып жұмыс істеуі мүмкін. Солар асырап алған. Біз балаларды Африка елдеріне берген емеспіз», – деді Айбек Смадияров.

Журналист ресми өкілден: «Сенатор Дархан Қыдырәлі Африка елдері асырап алған 120 бала туралы айтты. Олармен байланыс үзілгенін жариялады. Сонда бұл ақпарат өтірік пе?» – деп сұрады.

«Ақпаратты қайдан алғанын білмеймін. Біздегі ақпаратқа сәйкес, Африка елдеріне бала берген жоқпыз. «Балалармен байланыс үзілді» деген сөз шындыққа жанаспайды», – деп нақтылады Айбек Смадияров.

Ресми өкіл бүгінгі таңда 18 жасқа дейінгі 1 993 бала консулдық есепте тұрғанын мәлімдеді.

«Барлығы назарда, барлығымен байланыс бар», – деді Айбек Смадияров.

Бұған дейін Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі 1999 жылға дейін шетелге кеткен балалар туралы зерттеу жүргізу мәселесін көтеріп, Оңтүстік Африкадағы – 30, АҚШ-тағы – 104, Белгиядағы – 113 баламен байланыс үзілгенін айтқан.

Депутат 2010 жылы үкімет тарапынан шетел асқан балаларды қорғау мақсатында арнайы конвенция қабылданғанын айтты. Бала құқықтарын қорғау саласындағы өкілетті орган болып саналатын оқу-ағату министрлігінің мәліметі бар. Оған сүйенсек, конвенцияға қол қойғалы бері шетелдік азаматтар 158 баланы асырап алған. Соның ішінде 2013-2019 жылдары 157 бала шетел асса, соңғы 4 жылда бір бала сыртқа шыққан.

«Көрсеткіштің күрт төмендегені қуантады. Конвенцияға қол қойғанға дейін 1999-2011 жылдар аралығында шетелдіктер 8805 баланы асырап алған. Олардың 5217 -і қазір кәмелеттік жасқа толуына байланысты есептен шығарылған. Кәмелетке толмаған 3588 бала туралы есеп алынып тұрады. Өкінішке қарай, есеп бермейтіндер де, жоқ емес. Мәселен, Оңтүстік Африка еліне кеткен 30 баладан хабар-ошар жоқ. Сол сияқты АҚШ-тағы 104, Белгиядағы 113 баланың тағы сондай талай баланың тағдыры туралы білмейміз», – деді депутат.