Жаңалықтар

Қор нарығы: инвесторлар жиі жіберетін 10 қателікке ұрынбас үшін биржада қандай әрекеттер мен қағидаларға сүйену керек?

Фото:shutterstocks

Қор нарығына сапалы сауат, үлкен біліммен келу керек деген түсінік бар. Дегенмен бәрі де шартты нәрсе. Ол туралы айтпас бұрын алдымен инвесторлар жиі жіберіп алатын 10 қателік туралы баяндап өтелік.

Сарапшылар жиі кететін қателіктерді былай саралайды. Оның біріншісі – стратегияның болмауы.

Кез келген инвестиция стратегиядан бастау алуы керек. Өз мақсатыңызды анықтап болған соң ғана қажет инвестициялық құралдарды таңдай бастау керек. Мақсаттар әртүрлі болуы мүмкін, бірақ түпкілікті межеңіз капиталды сақтау, оны ұлғайту және табыс табу болсын.

Әртараптандырудың болмауы. Портфеліңіз активтер, акциялар, елдер мен секторлар бойынша әртараптандырылуы керек. Әйтпесе, бір ғана компанияның акцияларынан құралған инвестициялық портфель кез келген уақытта банкротқа ұшырап кетуі ықтимал.

Комиссия туралы дұрыс білмеу. Инвесторлардың көбі әртүрлі комиссиялардың барын ескермей, инвестициялауды бастауға асығып жатады. Бұл, әсіресе, аз мөлшерде инвестициялау кезінде өте маңызды. Сондықтан инвестициялауды бастамас бұрын сіз не үшін және қанша төлеуге тура келетінін түсінетіндігіңізге көз жеткізуіңіз керек. Өйткені бұл сіздің портфеліңіздің кірісіне айтарлықтай әсер етеді.

Тәуекелдерді ескермеу. Кез келген инвестицияда тәуекел бар, кепілдендірілген табыс болмайды.

Аз уақыт ішінде табыс табуға ұмтылу. Инвестициялық портфельдегі активтер сауатты бөлінуі тиіс. Мысалы, инвестициялаудың консерватив құралдарында 40%, орташа тәуекелі бар құралдарда 50% және агрессивті қағаздарда 10% сияқты бөлінуі керек. Бұл ретте жылдам өсетін қағаздарды жиі бақылай отырып, жоғары әлеуетті кіріске сене отырып, адамдар капиталдың басым бөлігін агрессив құралдарға  инвестициялайды. Мұндай жағдайларда олар ақшаның көп бөлігін жоғалтады.

Ұзақ мерзімге тек теңгемен ғана инвестиция жасау. Егер сіз 10-15 жылға ұзақ мерзімді инвестициялауды шешсеңіз, мысалы, зейнетке шығуға немесе балаларды оқытуға ақша жинасаңыз, сенімді валюталарға салған дұрыс. Әйтпесе, мынадай жағдайға ұрынуыңыз мүмкін: теңгеге салған инвестицияңыздың бәрі оң нәтиже көрсетті, қажет сомаға жақындадыңыз, бірақ кенеттен валюта бағамы өзгерген болса, сіздің барлық көрсеткішіңіз бір сәтте азайып кетеді.

Қауіпсіздік «жастығы» туралы ойламау. Инвестициялауды бастамас бұрын резервтік бюджет жасау керек. Әдетте оның мөлшері 6 айлық шығынға тең. Бюджет болған жағдайда, мысалы, жұмысынан айырылу немесе бизнеспен байланысты проблемалар туындаған жағдайда табыс әкелетін активтерді сатудың қажеті болмайды. Өйткені бұл кезде активтер түсіп кетуі мүмкін, содан кейін сіз активтерді минусқа сатуға мәжбүр боласыз, ал бұл ақшаның жоғалғанын білдіреді.

Алаяқтардың құрбаны болу. Әдетте форекс компаниялар қоңырау шалып, қаржы нарығында тез және жоғары табыс табуға шақырады. Мұндай компаниялардан өз қаражатыңызды алу қиын. Сіз компанияны, оның қайда тіркелгенін, кім бақылайтынын және оның лицензиялары қандай екенін білуіңіз керек.

Эмоционалды интеллектің болмауы. Іс жүзінде инвестициялауды бастайтын әр адам екі қасиетпен ерекшеленеді – пайдаға деген ашкөздік пен ақшаны жоғалту қорқынышына байланысты шамадан тыс қобалжу. Оңтайлысы – осы екі қасиеттің арасындағы тепе-теңдік.

Инвестициялауды кейінге қалдыру. Егер белгілі бір кезеңде кез келген құралға инвестициялаудың мағынасы жоқ деп ойласаңыз, бұл дағды мен тәжірибенің жетіспеушілігін білдіреді. Мұндай сәттерде, әйтеуір бір жерге ақша салу керек деген көзқарастан аулақ болған жөн.

Табысқа жеткен инвестор қандай тәртіп пен қағидаға сүйенеді?

Сарапшылар табысты инвестор Уоррен Баффет тәжірибесін жиі мысалға алады. Ол әдепкі кезде  қолында болған әрбір долларды инвестициялаған. Осылайша, 35 жыл ішінде өз капиталын 100 мыңнан 50 млрд долларға дейін жеткізген.

Баффет тәжірибесі бойынша инвесторға керек қасиеттер:

Икемділік. Ақшаны үнемдеп және көбейту үшін нарықтағы өзгерістерге бейімделе білуіңіз керек. Жаңа мәлімет пайда болған кезде жоспарыңызға үнемі түзетулер енгізіп отыру маңызды.

Өзіңіз білетін және түсінетін нәрсеге инвестициялаңыз. Егер сіз мұнай-газ саласында 20 жыл жұмыс істеген болсаңыз, ауыл шаруашылығына ақша салудың мәні жоқ. Өзіңіз түсінетін секторларға инвестиция салған кезде процесс оңайырақ болады. Трендтерді дер кезінде байқап, шешім қабылдай аласыз.

Компания қаржы көрсеткіштерін зерттеу. Кәсіпорынның қызметін (сату көлемі мен табыс көрсеткіштері) сипаттайтын деректерді талдаңыз.  

Компанияның басшылығы туралы барлығын біліңіз. Өйткені компанияның болашағы көбіне ондағы басшылық лауазымдарды атқаратын адамдарға байланысты. Олар туралы мүмкіндігінше көп ақпарат жинаңыз.

Инвестициялау объектісін мүмкіндігінше жақсы білу керек. Компания шығаратын өнімді немесе көрсетілетін қызметтерді зерттеп, нарықта қандай орын алатынын, бәсекелестері кім және оның даму жоспарлары қандай екенін біліңіз.

Шығынға батыратын компаниялардың акцияларын сақтамаңыз. Шығынға батыратын кәсіпорындардың акцияларын сақтау тиімсіз. Егер компания жақсы жұмыс істесе, оның табысы артады, онымен бірге акциялардың бағасы да өседі.

Халықаралық компанияларды таңдауға тырысыңыз. Бүкіл әлем бойынша жұмас жасап жүрген компанияларда, әрине, сенімділік деңгейі жоғары болады. Олар тұрақты және тәуекелдері аз болады.

Ұзақ мерзімге инвестициялау. Инвестициялауды енді бастап жатқандардың көбі бірдей қате жасайды – олар қысқа мерзімді оқиғаларға назар аударады. Уоррен Баффет болса компанияның бүкіл даму тарихына назар аударуды ұсынған. Оның айтуынша, шыдамдылық таныту керек, өйткені жақын арада акциялармен не болатынын болжау қиындау, ал 10 жылдан кейін ұзақ мерзімді перспективада компаниямен не болатынын анықтау оңай. Уоррен Баффет осылайша әрекет етеді екен. Ол инвестициялағысы келетін компанияны мұқият таңдап, талдайды да алдағы 10 жылда акцияларды сатпайды.

Ол кез келген салада жетістікке жетуге болатын принциптер бойынша табысты инвестор болуға болады деп санайды. Яғни, бұл табандылық пен ойлана білу қабілеті. Баффет ең бірінші кезекте мақсат қойып ал дейді, өйткені өзіңнен мақсатқа жету үшін не керек екенін сұрайсың, нақты шеңбер бойымен әрекет жасайсың.

Сонымен қатар жеке пікірді қалыптастыру да маңызды. Инвестициялауда қоғамдық пікірге сүйенсеңіз, инвестиция сізге тек шығын әкеледі. Шамадан тыс сенімділік те зиянды. Өзіңізді ең біліктімін деп санау үлкен қате болып саналады. Рэй Далио нарыққа әсер ететін адамдар мен оқиғаларды зерттеу кезінде иллюзиядан аулақ болуға кеңес береді.

Инвестициялауды енді бастайтындар арасында ең көп тараған қате пікірлер

Қор нарығында тек байлар болады. Жоқ, инвестор ақшасы көп қаржыгер болуы міндетті емес. Қазіргі уақытта негізгі жұмысынан алшақтамай қосымша табыс тапқысы келетін түрлі деңгейдегі адамдар бағалы қағаздарға инвестициялайды. Өйткені инвестициялауды кез келген сомамен бастауға болады.

Инвестициялауды бастау үшін көп уақыт оқу керек. Қуанышқа орай, оқытуға дайын брокерлік компаниялардың болуы инвестициялау дағдыларын игеру процесін айтарлықтай қысқартады.

Акциялар дегеніміз – казино. Акцияларға инвестициялай отырып, сіз белгілі бір бизнестің бірлескен иесі атанасыз. Компанияның жағдайы неғұрлым жақсы болса, оның акциялары соғұрлым қымбат болады. Ал бірлескен меншік иелері, яғни инвесторлар бұл жағдайда көбірек пайда табады.

Ақша сақталмайды. Қазақстанда компания тіпті банкротка ұшыраған жағдайда да брокер клиенттердің активтерін пайдалана алмайды. Яғни, ақша сақталады.  Клиенттердің барлық активтері сенімді, брокердің активтерінен бөлек кастодиан-банкте сақталады.

Көпшілік ақшаны биржаға салу керек пе, әлде банк депозитінде сақтаған жөн бе деген диллемаға жиі тап болады. Салыстырып көрейік. Қор нарығында табыс көлемі шектелмейді, тиісінше табысыңызды еселей түсетін құрал саны көп. Барлық операциялар ашық өтеді. Дегенмен табысқа ешкім кепілдік бермейді. Кепілдікті тек түйсігіңіз бен біліміңізге қарап пайымдайсыз.

Ал депозитте жинаған ақшаңызға мемлекет тарапынан 15 млн теңгеге дейін кепілдік беріледі. Егер ақшаны шетел валютасымен сақтасаңыз 1 пайыз ғана жылдық табыс есептеледі. Теңгемен сақтасаңыз табыс инфляция деңгейінен аса қоймайды, бірақ шетел валютасымен салыстырғанда табыс біршама жоғары болады. Сондай-ақ кез келген банктің кез келген уақытта жабылып қалуы немесе банкротқа ұшырауы мүмкін екенін де ескеру керек. әрине, одан кейін арнайы комиссия құрылып, азаматтардың салымын қайтарады. Соның өзінде бұл жағдай белгілі бір уақыт ішінде қолайсыздық тудырады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – бес қадам арқылы инвестициялауды бастап кетуге болады екен.

Біріншісі – қаржылық жағдайымызды анықтап алу. Инвестициялауды бастамас бұрын қаржы жағдайыңыз дұрыс екеніңізге көз жеткізіңіз. Сондықтан да сізге инвестициялық жоспар құру қажет болады.

Екіншісі – брокерді таңдау. Егер сіз акцияларды сатып алғыңыз келсе, онлайн брокер қажет болады. Заңды түрде және географиялық тұрғыда Қазақстан Республикасы аумағындағы орналасқан  брокерлердің қызметін пайдалану керек.

Үшіншісі – инвестициялау өнері. Сіз ақша жинап, оны пай қорлары мен ETF-терге салып жатқан кезіңізде уақытты инвестициялау өнерін үйренуге жұмсаңыз. Кітаптар оқып, вебинарларға қатысып, бірнеше курстардан өтіңіз.

Төртіншісі – ақшаның бір бөлігін кейінге қалдыру. Барлық ақшаңыздың бір бөлігін алып қойыңыз. Кемінде үш айға жететін қолма-қол ақша қалдыру керек.

Бесіншісі – қайда салу керектігін таңдау. Инвестициялауды енді бастайтындарға биржа мен пай қорларын таңдауға кеңес береміз. Себебі оларды кәсіби мамандар басқарады. Осыдан кейін акцияларға инвестициялай берсеңіз болады.