Қазақстанда тіркелген 23 мың ресейлік компанияның басым бөлігі сауда-саттық пен телеком саласында жұмыс істейді
Қазіргі кезде Қазақстанда 23 мың ресейлік компания тіркелген. 2023 жылы Ресей Федерациясынан Қазақстанға қоныс аударған компаниялар қатары айтарлықтай азайды. Дегенмен өзге елдермен салыстырғанда өсім динамикасы сақталған.
Бір қызығы, ресейлік компаниялар қатары «жаңа экономиканың» ресурстық емес секторларында – консалтинг пен IT-индустриясында басым.
Halyk finance талдаушысы Асан Құрманбеков ресейлік компаниялар Қазақстанның «жаңа экономикасының» болашағына сенеді деп тұжырымдайды.
«Батыс санкцияларының қысымы ресейлік бизнесті Қазақстанға қоныс аударуға ынталандыруды жалғастырып жатыр. Алғашқы ағыны баяулағанына қарамастан, 21 пайызға өскен. Осындай динамика аясында елімізде тіркелген компаниялардың жалпы саны 2021 жылдан бері екі есеге өсіп, 23 мыңнан асты», – дейді маман.
Қазақстанда тіркелген 23 мың ресейлік компанияның жартысына жуығы сауда-саттық саласында жұмыс істейді. Олардың үлесі – 47 пайыз. Одан кейін телеком мен консалтинг бағыты келеді. Бұл салалардың әр қайсысында 2-3 мыңның айналасында ресейлік компания бар. Кәсіби ғылыми-техникалық салаға (консалтинг) ресейлік бизнестің 2021 жылдан бергі ағыны 3,4 есе өскен.
Ал білім беру саласындағы фирмалар саны 3,6 есе көбейді. Дегенмен компаниялардың қатары телекоммуникациялар (АТ) секторында өте қатты өскен. Бір қызығы, 2023 жылдың 9 айында компьютерлік және ақпараттық қызмет экспортынан түскен кіріс бір жыл ішінде екі есе өсіп, 400 миллион долларды құрады.
Айта кету керек, сәуір айының соңында «Курсив» басылымы Ресейден компаниялардың қоныс аударуы мәселесіне қатысты сараптамалық материал жария еткен болатын. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, геосаяси жағдайға байланысты (РФ нарығынан шетелдік компаниялардың жаппай кетуі) 2021 жылы елімізге – 20, 2023 жылы 4 компания қоныс аударған.
Бұдан бір жыл бұрын ел үкіметі 362 ірі шетелдік компаниямен релокация бойынша келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеген. Кейінірек 62 компаниядан оң жауап алдық деп мәлімдеді. Бірақ нәтижесінде 20 шақты компанияның келуі релокацияның баяу жүріп жатқанын аңғартса керек. Дегенмен министрлік жалпы шетелдік компаниялар нарық алаңын ұсыну бойынша белсенді жұмыс жалғасатынын хабарлайды.