Айбек Смадияров Тина Канделаки жайлы: «Қазақстанға келе қоймас, келген жағдайда елге кірмейді»
Жақында ғана әлеуметтік желілерде Қазақстан туралы жайсыз пікір қалдырған Тина Канделакиге қатысты Сыртқы істер министрлігі тарапынан қандай да бір шара қабылдана ма? ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров өткізген брифингте журналистер осы жайында сұрады.
Айбек Смадияровтың айтуынша, мемлекет жекелеген адамдардың мұндай мәлімдемелерінің барлығына ресми жауап бере бермейді.
«Қоғам өзі жауап берді ғой. Көрдіңіздер ғой, бір апта қызу талқыланды ғой. Өз есесін алды ғой»,– деді СІМ ресми өкілі.
Дегенмен көршілес мемлекеттегі танымал тұлғалардың біздің еліміз жайлы аз білетініне қынжылатынын да жасырмады.
«Ең өкініштісі, біз туралы ақпарат оларда дұрыс емес, біздің елге келіп көрсін қалай өмір сүріп жатқанымызды», – деп қосты спикер
Алайда Смадияров жалпы әрбір мемлекеттің елге кіруге шектеу қойылғандар тізімі секілді ішкі шарасы болатынын жоққа шығармады.
«Ол тізім – әрбір мемлекеттің өзінің ішкі шарасы. Егер сізге біреу ұнамаса, үйіңізге кіргізбейсіз ғой. Тура сол сияқты біз де кіргізбейміз. Керек кезде шара қабылданады. Нақты бүгін кіргіздіңіздер м, ертең кіргіздіңіздер ма деп талап етпеңіздер. Мемлекет ондайды ешқашан кешірмейді», – деді Смадияров.
«Ал, нақты Тина Канделаки осы тізімге кіруі мүмкін бе» деген сауалға, СІМ ресми өкілі былай жауап берді:
«Айта алмаймын қазір, кіретін шығар…. Ол өзі де Қазақстанға келе қоймас, келген жағдайда кірмейді»,– деді Смадияров
Не себепті Канделки Қазақстанға кіре алмайды?
Еске сала кетсек, Тина Канделаки өзінің телеграм арнасында Қазақстанда орыс тіліне қысастық жасап жатқанын жазды. Ол орысша атаулардың қазақшаға бұрмаланып жатқанын теріс құбылысқа балады.
«Қазақстанда мемлекеттік деңгейде орыс тілі ақырындап ығыстырылып жатыр. Республиканың Көлік министрлігі бірнеше теміржол станцияларының атауын өзгерткісі келеді. Атап айтқанда, «Урал» станциясы «Оралға», «Узень» – «Жаңаөзенге» ауыстыралады. Біз Балтық бойы елдерінің тәжірибесінен, мұның өте қауіпті үрдіс екенін білеміз. Мұнда да бәрі ұсақ-түйектен басталып, кейін үлкен проблемаға айналды: орыс мектептері жабылды, кеңестік ескерткіштер жойылды, орыс тіліне тыйым салынды», – деп жазды Канделаки.
ТНТ басшысының бұл сөзі қазақстандықтардың қарсылығына тап болды. Тек қазақтар ғана емес, Қазақстанда тұратын орыстар да өз қарсылығын білдіріп, тілге қатысты ешқандай кемсіту көрмегенін айтып видео-үндеу жариялай бастады. Әртіске жауап бергендер қатарында Динара Сәтжан да бар.
Ол Тинаға берген жауабында Қазақстанның тәуелсіз ел екенін еске салды. Ол Тинадан бір мемлекеттің ішкі шаруасына араласпауды ескертті. Теміржол станциясын қалай атайтынын мемлекет өзі шешетінін айтты.
«Қазақстан тәуелсіздік алған жылдар ішінде Кеңес өкіметі жылдарында жоғалған ана тілін біртіндеп қайтарып келеді. Орыс тілі елімізде ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады, ал қазақ тілі мемлекеттік тіл! Ал бұл Конституциямызда бекітілген. Біз тек мемлекеттік тілде ғана емес, орыс, ағылшын тілдерінде де сөйлейміз», – деді Динара Сәтжан.
Жалпы көпшілік Тинаның айтқандарына қатысты қарсылық ретінде Канделакидің «ansaligy» косметикалық брендіне байкот жариялауды ұсынды.
Тинаға көпшіліктің мұндай қарсылығы ұнамады. Ол бұған жауап ретінде тағы да қазақтардың ашуына тиестін пост жариялап, халықты мәңгүртке теңеді. Қазақтардың көп нәрсені есінен шығарып алғанын айтты. Екі жыл бұрын «қазақтарды Ресейдің құтқарып қалғанын» еске сала кетті.
«Құрметті қазақтар, сіздерде «мәңгурт» деген қарапайым, бірақ кең ұғым бар. Мәңгүрт бейнесі – жадынан, болмысынан, кейде санасынан айырылған адам», – деп жазды ол.
Ол сонымен бірге сөзінің қазақтардың шымбайына батқанын қалады ма, баяғыдағы «Борат» фильмін де еске түсіре кетті.
Қазақстандықтар оның бұл постына да жауап берді. Көпшілік оның «кім екенін ұмытып, ұлты мен туған елін сатып кеткенін» айтты. Грузия мен Ресей арасындағы соғыста «ТНТ»-дағы қызметі үшін Отанынан бас тартқанын бетіне басып сынады.