Теміржолдағы апатты арнайы комиссия тексереді / Фото: kursiv.media
Жамбыл облысында екі теміржол қызметкерін пойыз басып кетті. Алған дене жарақатынан екеуі де қайтыс болған. Бұл жайлы ҚТЖ баспасөз қызметі хабарлады.
«2024 жылдың 21 қаңтарында сағат 07:27-де Шығанақ-Шу учаскесінің Жиделі-Берлік учаскесінде екі теміржолшымен апат болды. Пойыз машинисі апаттық тежегішті басқанымен, апаттың алдын-алу мүмкін болмады. ҚТЖ қызметкерлердің отбасыларына көңіл айтып, оларға қажетті көмекті көрсетеді.»,- делінген баспасөз хабарламасында.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, барлық мән-жайды анықтау үшін оқиға орнына ҚТЖ комиссиясы аттанған. Екі бірдей қызметкердің қазасына әкелген бұл қайғылы оқиғаға байланысты тергеу басталған.
«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның жалғыз акционері – «Самұрық-Қазына» ҰАҚ. Оған компанияның 100 пайыз акциясы тиесілі. ҚТЖ ұлттық теміржол инфрақұрылымына иелік етеді және оны басқарып, жолаушыларды тасымалдауды қамтамасыз етеді.