«Қазатомөнеркәсіп» компаниясы «Тайқоңыр» қышқыл зауытын өз иелігінен шығарды
«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ «Taiqonyr Qyshqyl Zauyty» ЖШС-ге иелік етуін тоқтатты, деп хабарлайды kase.kz.
«Құнды қағаздары Қазақстан қор биржасында орналасқан «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ (Астана), 2024 жылдың 17 қаңтарынан бастап «Taiqonyr Qyshqyl Zauyty» ЖШС-дегі қатысу үлесін тоқтатты», – делінген хабарламада.
еgov.kz-тегі мәліметтерге сәйкес зауытқа қазіргі таңда «РУ-6» ЖШС мен «Казатомпром – SaUran» ЖШС иелік етеді. Қуаты 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін «Taiqonyr Qyshqyl Zauyty» еншілес кәсіпорнын сәуірде құрған болатын. Оның құрылысы 2024 жылы басталып, 2026 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған еді. Оған 49% үлеспен «Қазатомөнеркәсіп», 25% үлеспен РУ-6, 26% үлеспен «Қазатомөнеркәсіп-СаУран» компаниясының кәсіпорындары иелік ететіні хабарланды.
Зауыт Қазақстанның Түркістан облысы, Созақ ауданы, Таукент ауылдық округінде орналасқан.
Өз кезегінде «РУ-6» ЖШС 1997 жылдан бастап «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ құрылымына кіреді. Кәсіпорын 1983 жылдың 1 қаңтарында КСРО орта машина салу министрінің бұйрығымен Қазақ КСР-ның Қызылорда облысы Шиелі кентінде құрылған.
Компания сайтындағы мәліметке сәйкес, «РУ-6» ЖШС Қызылорда облысының «Солтүстік Қарамұрын» және «Оңтүстік Қарамұрын» кен орындарында уран өндіреді. Сонымен қатар алғашқы өңдеу жүргізумен айналысады.
Еске сала кетсек, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ 2024 жылға арналған өндіріс жоспарына өзгеріс енгізді. Оған – уран өндіруге қажетті күкірт қышқылына қол жеткізудің күрделенгені себеп болып отыр.
Қазатомөнеркәсіптің Директорлар кеңесі Компанияның 2024 жылы өндіріс көлемін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың 90% деңгейіне дейін ұлғайтатынын мәлімдеген. Алайда жаһандық жеткізілім қиындықтарына, атап айтқанда күкірт қышқылының тапшылығына байланысты жоспарды орындау қиынға соғуы мүмкін.
«Қазатомөнеркәсіп үнемі барлық күш-жігерін жұмсап, негізгі материалдар мен реагенттерді жеткізуді қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыруда, алайда күкірт қышқылын жеткізу төңірегінде қалыптасқан күрделі жағдай Қазақстанда да, тұтастай алғанда өңірде де қарқынды дамып келеді. Өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындарының шикізатқа өсіп келе жатқан сұранысын, сондай-ақ ішкі және сыртқы өңірлік нарықтағы тапшылықты ескере отырып, жеткізушілермен алдын ала уағдаластықтар 2024 жылға күкірт қышқылының талап етілгеннен аз көлемін қамтамасыз ете алды. Күкірт қышқылын жеткізудің баламалы көздерін белсенді іздеудің жалғасуына қарамастан, қазіргі болжамдар Компанияның жер қойнауын пайдалану келісімшарттарының деңгейімен салыстырғанда өндірістің 90% деңгейіне жетуі қиын болуы мүмкін екенін көрсетеді», – деп мәлімдеді компания.
Қазіргі уақытта Компания қалыптасқан жағдайдың оның операциялық қызметіне қалай әсер ететінін бағалап жатыр. 2024 жылғы 1 ақпанға дейін есептеулер жүргізіліп, 2024 жылға арналған өндіріс жоспары бойынша нақтыланған болжамдарын ұсынбақ.
Егер күкірт қышқылы тапшылығы жойылмаса, Компания 2024 жылы жаңа кеніштерде құрылыс кестесі бойынша артта қалушылықты қысқарта алмауы мүмкін және бұл Қазатомөнеркәсіптің өндірістік жоспарларына және 2025 жылы жеткізу тізбегіне айтарлықтай теріс әсер етеді деп болжанады.