Жер сілкінісі Алматыдағы жол қозағалысына қалай әсер етті
️Sergek сарапшылары жер сілкінісінің Алматыдағы жол қозғалысына қалай әсер еткенін есептеді. Бұл туралы Sergek Group телеграм арнасы хабарлады.
«23 қаңтарға қараған түні Алматыда көлік қозғалысының күрт өскені байқалды. Бұл сағат 00:09-да тіркелген жерасты сілкіністерінің себебінен болған. Өткен аптамен салыстырғанда қозғалыс белсенділігі 4,5 есе өсті. Белсенділіктің ең жылдам қарқыны түн ортасының алғашқы 30 минутында байқалды. Сағат 01:00-де ең жоғарғы деңгейге жетті. Кейін қаладағы белсенділік біртіндеп азайып, тек таңғы 5:00-де бұрынғы қалпына оралды», – делінген хабарламада.
Sergek сарапшыларының айтуынша, жер сілкінісінен кейінгі алғашқы сағатта жолдағы көліктердің саны 40%-дан 168 мыңға дейін өсіп, кейін 208 мыңға жеткен.
23 қаңтарға қараған түні 19 мыңға жуық көлік Алматыдан кетіп қалған. Бұл өткен аптаның сәйкес кезеңімен салыстырғанда 152%-ға көп.
Жер сілкінісін ерте хабарлау жүйесі қазір тәжірибелік пайдалануға берілген. Шетелдік тәжірибеге сәйкес, апробациялық кезеңнен өтіп жатыр және сынақ режимінде. Жүйе әлі алты ай сынақтан өтеді.
Алматы қаласы ТЖД тапсырысы бойынша 2023 жылдың соңына қарай зілзала жайлы ерте хабарлау автоматтандырылған жүйесінің 28 сейсмикалық стансасының құрылысы аяқталған.
Еске сала кетсек, ҚР ТЖМ «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісі тіркелді.
Алматы әкімдігі қаланың әр аймағында төтенше жағдай кезінде халық жиналатын орындардың жұмыс істеп тұрғанын хабарлады.
Көбінесе, бұл құрылыс стандарты мен ережелерге сәйкес келетін білім беру ұйымдары: мектептер, балабақшалар, колледждер, университеттер.
«Барлық мәлімет 2ГИС Алматы платформасында орналасқан. Іздеу кезінде «зардап шеккен халықты қабылдау пункті» деп терсеңіз, картадан халық жиналатын орындар көрсетіледі. Мұндай деректер Алматы қаласы ТЖД және аудандық әкімдіктердің ресми сайтында қолжетімді. Қазіргі уақытта аудан әкімдіктерінің қызметкерлері жиналу орындарында», – делінген хабарламада.
Егер сіз сейсмикалық қауіпті аймақта тұратын болсаңыз жер сілкінген кездегі қауіпсіздік шараларынан хабардар болғаныңыз жөн. «Курсив» тілшісі мамандардың кеңесін ескере отырып, шағын нұсқаулық әзірледі. Күрделі табиғи құбылыс ретінде зілзаланы дәл болжау мүмкін емес. Сондықтан мұндай жағдайда жедел қимылдау маңызды екенін жазған едік.