Зілзаладан үрейі ұшқан тұрғындар көшеге шығып кетсе, әкім Ерболат Досаев жедел штабтың шұғыл кеңесін өткізді
5 балдық жер сілкінісінен үрейі ұшқан Алматы тұрғындары биік үйлерін тастап, қыстың суығында көшеге шықты. Қауіпсіздік үшін олардың біразы қала шетіне шығуға тырысуда. Дегенмен төтенше жағдайлар департаментінің мамандары халықты сабыр сақтауға шақырды. Сондай-ақ Алматы қаласында жер сілкінісіне байланысты 8 727 278 20 83 және 8 727 278 20 84 нөмірлері бойынша жедел желіні іске қосты.
Ал, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев штабта сағат 00:20-дан бастап Жедел штабтың шұғыл кеңесін өткізді. Онда одан әрі іс-қимыл жоспары талқыланды. Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады.
«Қаланың тіршілікті қамтамасыз етудің барлық жүйесі қосылған. Полиция департаменті штаттық режимде жұмыс істеуде. Барлық мектеп мен балабақша ашық, халықты жинау пунктері жұмыс істеп тұр. Жедел медициналық жәрдем қызметі және барлық көп бейінді стационар, оның ішінде мамандандырылған стационарлар, балалар стационарлары, қаланың босандыру ұйымдары күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр. Жалған ақпаратқа сенбеулеріңізді және таратпауларыңызды сұраймыз. Тек ресми дереккөздерге сенуге шақырамыз»,– делінген хабарламада.