Жаңалықтар

Жақында «пойыз+ұшақ» интермодальды тасымалдау пилоттық жобасы іске қосылады

пойыз+ұшақ пилоттық жоба
Жақында «пойыз+ұшақ» интермодальды тасымалдау пилоттық жоба іске қосылады/ «Жолаушылар тасымалы» АҚ

Елімізде 3 ақпаннан бастап «пойыз+ұшақ» интермодальды тасымалдау пилоттық жобасы іске қосылады. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Мәлімдемеге сәйкес, бұл жоба «Жолаушылар тасымалы» АҚ, «SCAT» әуекомпаниясы және «UvU» компаниясымен өзара ынтымақтастық аясында жүзеге асады.

«Жолаушыларға ұсынылатын бұл қызмет автобус, әуе және темір жол билеттерін бір бағыт бойынша сатып алуға мүмкіндік береді. Осылайша азаматтар өздеріне ыңғайлы бағытты таңдап, билет іздеуге жұмсайтын уақыттарын үнемдейді. Сондай-ақ, қызмет арқылы еліміздің барлық қалалары бойынша саяхаттау мүмкіндіктері кеңейеді. Пилоттық жоба (пойыз+ұшақ) «Қостанай-Астана-Шымкент» бағытында және кері бағытта сынақ түрінде өткізіледі»-делінген хабарламада.

«Қостанай-Астана-Шымкент»(пойыз+ұшақ) бағыты бойынша тақ күндерде жол жүру кестесі:

  • Қостанай станциясынан №81 «Қостанай-Астана» пойызы Астана қаласына жөнелтіледі;
  • Нұрлы Жол вокзалының №2 келу залының шыға берісінде трансфер Астана қаласының халықаралық әуежайына жөнелтіледі;
  • Астана әуежайынан DV 772 «Астана-Шымкент» рейсі Шымкент қаласына ұшады.

«Шымкент-Астана-Қостанай»(ұшақ+пойыз) бағыты бойынша тақ күндерде жол жүру кестесі:

  • Шымкент қаласының әуежайынан DV 771 «Шымкент-Астана» рейсі Астанаға қонады;
  • Астана қаласы әуежайының №2 терминалының бірінші тұрақ желісінен Нұрлы Жол вокзалына дейін трансфер жөнелтіледі;
  • Нұрлы Жол станциясынан №47 «Астана-Атырау» пойызы Қостанайға жөнелтіледі.

Пилоттық жоба 2024 жылы 28 ақпанда аяқталады.

Айта кету керек, Қазақстан авиациялық әкімшілігі FAA-мен бірлесіп АҚШ-қа тікелей рейстерді ашу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен «Қазаэронавигация» РМК басшылығының ұшу қауіпсіздігі жөніндегі баяндамасында айтылған.

«Авиациялық әкімшілік АҚШ әуе билігі FAA-мен бірлесіп АҚШ-қа тікелей рейстерді ашу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен қатар өтінім беру және FAA аудитінен өту үшін Эйр Астана флотына Boeing 787 Dreamliner жеткізіледі деп жоспарланып отыр», – деп жазылған хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, жалпы Қазақстанның халықаралық авиация ұйымының талаптарына сәйкестігі 82 %. Сондай-ақ ұшу қауіпсіздігін бақылау мен қадағалау жұмыстары бойынша 2023 жылы 753 тексеріс жүргізіліп, 1008 құжат берілген.

2023 жылдың наурызында Қазақстан авиация қауіпсіздігі саласында еуропалық талаптар мен стандарттарды енгізетіні айтылған.

Еуропалық стандарттарды кезең-кезеңімен енгізу Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасына негізделген