Жаңалықтар

Қайрат Сатыбалдының ұлы заңсыз иемденіп келген: прокуратура «Байсат» базарын мемлекет меншігіне қайтарды

 Қайрат Сатбылдының ұлы
Кешенге Қайрат Сатыбалдының ұлы Бауыржан Нұрсұлтан кешенді заңсыз сатып алған / shutterstock

Қайрат Сатыбалдының ұлы «Байсат» базарының жерлерін заңсыз иеленген. Бұл жайлы Алматы қалалық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

Прокуратура тексеріс жүргізіп, нәтижесінде «Байсат» базарына қатысты жасалған мәмілерлердің заңсыз жүзеге асырылғанын анықтаған.

«2024 жылдың 17 қаңтарында Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының «Алматы жылу» холдинг кешенінің (қазіргі «Байсат» базары) мүлкімен жасалған барлық мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы шешімі заңды күшіне енді»,- делінген прокуратура хабарламасында.

Сотта кешеннің заңсыз сатылғаны расталған. Атап айтқанда, сот барысында қызмет бейінін сақтау және иеліктен шығаруға тыйым салу туралы шарттың талаптарын сақтамау бойынша міндетті сату шартынсыз 4 жыл бұрынғы мүлікті бағалау туралы өзекті емес есепті қолдануда көрсетілген кешенді заңсыз сату фактілері белгілі болған.

Заңсыз мәмілелер нәтижесінде жалпы ауданы 4 221,4 м2 және 1,4 гектар жерді құрайтын 3 нысаннан тұратын мүлікке Қайрат Сатыбалдының ұлы Бауыржан Нұрсұлтанға тиесілі «ҚазГерСтрой» бірлескен кәсіпорны» ЖШС және «Astana Finansial Group» ЖШС еншілес компаниялары иелік етіп келген.

Ал бұған дейін тергеу аясында Қайрат Сатыбалды «Байсат» базарының көп бөлігін өз еркімен қайтарған.

«ҚазГерСтрой» ЖШС – «Bereke Astana Group» ЖШС-нің еншілес компаниясы. Ал «Bereke Astana Group» компаниясының құрылтайшыларының бірі – Нұрсұлтан Бауыржан Қайратұлы. Ал екінші құрылтайшысы – Лазаров Айдар Жомартұлы деп көрсетілген.

Назарбаевтар әулетінен тағы қандай активтер қайтарылды?

Еске сала кетсек, Антикор Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да адамдарға қатысты жүргізіліп жатқан тергеп-тексеру шаралары аясында елден заңсыз шығарылған активтері қайтарылғанын мәлімдеді. Біріккен Араб Әмірліктерінен жалпы сомасы 14 млн АҚШ доллары қайтарылған. Жалпы, қылмыстық қудалау басталғаннан бері заңсыз сатып алынған Қ.Сатыбалдыұлы және онымен байланысты тұлғалардың 464 млрд теңгеден астам соманы құрайтын мүліктік активтері мен ақшалай қаражаттары мемлекетке қайтарылған.

Олардың қатарына әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, сәнді үйлер, пәтерлер мен автомобильдер, акциялар мен компаниялардағы үлестер, теміржол жолдары мен шетелден алынған қаржы да бар.  

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жақында Қайрат Сатыбалдыұлынан мемлекетке 120 млн доллар қайтарылғанын хабарлады. Агенттіктің хабарлауынша бұл қаржы «мемлекетке келтірілген залалды өтеу есебіне республикалық бюджетке» аударылған.

Сонымен бірге Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Болат Назарбаевты «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ акцияларының 31,9 пайызын мемлекетке қайтаруға міндеттеді.

Ал 18 сәуірде Қарасай аудандық соты «Барыс» базары орналасқан жерді сату келісімшарттарын жарамсыз деп тапты. Солайша Болат Назарбаев базарынан айырылды. Прокурор жалпы көлемі 35 гектардан асатын жер телімдерін сату келісім-шарттарын жарамсыз деп тануды талап еткен. Сотта жер телімдерін Назарбаевтың атына аударған кезде жер ресурстарын басқару комитетінің заңсыздық жасағаны белгілі болды. Комитет жер учаскелерінің санатын беру жөніндегі орталық уәкілетті органмен келіспей, жер телімдерін беру ережелерін бұзған. Бұл жер ауыл шаруашылық мақсаттағы жер болған.