Қазақстан даму банкі директорлар кеңесінің құрамы өзгерді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қазақстан даму банкі директорлар кеңесінің құрамы өзгерді / kdb.kz

Қазақстанның даму банкі директорлар кеңесінде кадрлық өзгерістер болды. Нұрболат Айдапкеловтың орнына Үсен Ғалым тағайындалды.

KASE-де жария болған ақпаратқа сүйенсек, шешім 10 қаңтарда қабылданған. Айдапкеловтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Үсен Ғалым жалғыз акционердің («Бәйтерек» Ұлттық холдингі) өкілі ретінде Қазақстан даму банкі директорлар кеңесінің мүшесі болған. Оның өкілеттігі жалпы ҚДБ директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін ұзартылған.

Айта кетейік, Үсен Ғалым «Бәйтерек» холдингі басшысының орынбасары қызметін қоса атқарады. Ол Жапонияда Осака университетін бітірген. Сол елде 15 жыл тұрып, Deloitte консалтингтік компаниясында жұмыс істеген. Nestle, McDonalds, Shiseido, AIG және өзге де халықаралық компанияларында кеңесші болған.

«Болашақ» бағдарламасы аясында Гарвард университетінің «мемлекеттік басқару бағдарламасын» бітірген. 2023 жылдың наурыз айында Elorda.info басылымына берген сұхбатында Қазақстанда электромобильдер саласын дамытқысы келетінін айтты.

ҚДБ директорлар кеңесіне кімдер кіреді

Ендігі жерде банктің директорлап кеңесі алты адамнан тұрады. Яғни банк басшысы Марат Елібаев, тәуелсіз мүшелер Анвар Сайденов пен Марсия Элизабет, Кристиан Фавале, сондай-ақ, жалғыз акционер өкілдері Ерсайн Хамитов, Нұрлан Байбазаров пен Үсен Ғалым.

2021 жылдың сәуір айында ҚДБ сайтында Банктің директорлар кеңесі мүшелерінің өкілеттік мерзімі үш жыл болып бекітілді. 2024 жылдың сәуірінде мерзім аяқталады. Осыдан кейін директорлар кеңесіне жаңа мүшелер сайланады. 

Соңғы бір жарым жылда ҚДБ басшылары бірнеше рет өзгерді. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Абай Сарқұловтың орнына Руслан Ысқақов тағайындалды. 2023 жылы Ысқақовтың орнына Нұрлан Байбазаров келді.

Айта кетейік, 2022 жылы Қазақстанның даму банкі атқарушы орган мүшелеріне 251,74 млн теңге сыйақы төлеген

Қазақстан даму банкінің ақпаратына сәйкес, сыйақы ретінде «еңбек ақы және барлық ақшалай марапаттау түрлері» аталып тұр. Банктің 2022 жылғы қаржылық есептілігінде директорлар кеңесін ұстауға жұмсалған шығын 230,6 млн теңгені (2021 жылы 253,2 млн теңге) құрағаны айтылған. Ал, қызметкерлерге төленген төлемдер 2021 жылы 4,25 млрд теңгені құраса, 2022 жылы 5,05 млрд теңге болған. Іссапар шығындары 84,2 млн теңге (2021 жылы 81,6 млн теңге), кадрларды дайындау мен біліктілігін арттыруға 56,7 млн теңге (2021 жылы 65,4 млн теңге). 

Ұйымның былтырғы жылғы таза табысы 31,5 млрд теңгеден 34,12 млрд теңгеге дейін өсіпті. Активтер 3,74 трлн теңгеден 3,94 трлн теңгеге өскен. Міндеттемелер – 3,18 трлн теңгеден 3,32 трлн теңгеге дейін артты. Ал, меншікті капитал – 556,8 млрдтан 614,5 млрд теңгеге дейін ұлғайған.

Сондай-ақ оқыңыз