Жаңалықтар

Алматы қаласының аумағында қатты және жойқын жер сілкінісі болмайды – министр

Алматы қаласының аумағында қатты және жойқын жер сілкінісі болмайды/gov.kz/

Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Алматыда болған жер сілкінісіне қатысты баяндама жасап, есеп берді.

«23 қаңтарда түнгі сағат 12-ден 9 минут кеткенде Ұлттық ғылыми сейсмологиялық орталығының дерегі бойынша эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 км жерде Қырғыз және Қытай Халық Республикаларының шекарасында жер сілкінісі тіркелді. Сағат 07.00 – дегі жедел жағдай бойынша 3 сейсмикалық оқиға тіркелді. Олар Алматы қаласында – 5, Шымкент қаласында – 2, Жамбыл облысында – 2-3 және Жетісу облысында –4 балл. Алдын ала мәлімет бойынша ғимараттар мен құрылыстардың бұзылуы тіркелген жоқ», – деді Төтенше жағдайлар министрі.

Сырым Шәріпханов Төтенше жағдайлар министрлігінде Республикалық жедел штаб ашылғанын, аумақтарда осындай штабтар жұмыс істеп жатқанын жариялады.

«Төтенше жағдайлар министрлігінің психологтары «Жедел желі» ұйымдастырды. Өңірлердегі азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдары жоғары дайындыққа келтірілді, командалық-штабтық машиналар орналастырылды», – деді Төтенше жағдайлар министрі.

Сырым Шәріпхановтың айтуынша, Алматы қаласында және өңірлерде зардап шеккендерді қабылдау пунктері жұмыс істеп тұр. Жақын орналасқан пунктер туралы дерек 2ГИС платформасына енгізілді.

«Сейсмикалық болжау комиссиясының болжамына сәйкес, Алматы қаласының аумағында қатты және жойқын жер сілкінісі болмайды. Осыған байланысты тұрғындарды дүрбелеңге салынбауын, тек ресми дереккөзге сенуін сұраймын. Қазіргі уақытта өңірлерде ғимараттар мен құрылыстардың, оның ішінде қорғаныш гидротехникалық объектілердің бұзылу ықтималдығына комиссиялық тексеру жүргізілуде», – деді Төтенше жағдайлар министрі.

Еске сала кетер болсақ, 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісі тіркелді. Жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 км жерде орналасқан Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында болды.