Саясат Нұрбек: Астана «Тұран» платформасында орналасқан, жер сілкінеді деп уайымдауға себеп жоқ

Жарияланды
Астаналықтарға жер сілкінісі туралы уайымдауға себеп жоқ / Фото: коллаж kursiv.media

Астаналықтарға жер сілкінісі туралы уайымдауға себеп жоқ. Бұл туралы үкімет отырысынан кейінгі брифингте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

Журналист министрден: «Алматыда болған жер дүмпуі неге Астанаға дейін жетті? Себебін түсіндіре аласыз ба?», – деп сұрады.

«Жер асты дүмпуі, сейсмикалық толқын айтарлықтай қатты болды. Рихтер шкаласы бойынша сілкініс 6,5-7 баллды құрады. Жер асты думпуі Орталық Қазақстанға да әсер етті. Ол оңтүстіктен солтүстікке бағытталды. Сондықтан әлсіз болса да оны Астана тұрғындары да сезінді», – деп жауап берді Саясат Нұрбек.

Ғылым және жоғары білім министрі жер сілкінісінің эпицентрі Қырғызстан және Қытай шекарасында болғанын атап өтіп, тербелес қатты болғандықтан оның күшін Орталық Қазақстан да сезгенін түсіндірді.

«Бұған дейін жер асты дүмпуі Қарағандыға жетті деп айтылды, кейін жер асты дүмпуін Астана қаласының тұрғындары да сезгені белгілі болды. Бұл нені білдіреді, елордалықтар да жер сілкінісінен қорқуы керек пе?» – деп сұрады журналист.

«Жоқ, Астана Тұран платформасында орналасқан. Бұл – өте тұрақты, ескі платформа. Сондықтан бұл жай афтершок болды. Уайымдауға себеп жоқ», – деді Саясат Нұрбек.

Естеріңізге салайық, 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 секундта жер сілкінісі тіркелді. Жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 км жерде орналасқан. Ол – Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында болды.

2024 жылғы 23 қаңтардағы үкімет отырысында Алматыдағы жер сілкінісі мәселесі талқыланды. Үкімет басшысы Алматыдағы жер сілкінісіне байланысты Төтенше жағдайлар министріне ескерту жасады. Оның дерегінше, алдын ала ескерту жасалмаған. Соның салдарынан адамдар қорқыныш пен үрейден 2-3-қабаттан секіріп кеткенін мәлімдеді.

«Бақытымызға орай қаза болғандар мен ауыр зардап шекендер жоқ. Бірақ жарақат алғандар бар», – деді Әлихан Смайылов үкімет отырысында.

Өз кезегінде Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Алматы қаласының аумағында қатты және жойқын жер сілкінісі болмайтынын мәлімдеді.

«Сейсмикалық болжау комиссиясының болжамына сәйкес, Алматы қаласының аумағында қатты және жойқын жер сілкінісі болмайды. Осыған байланысты тұрғындарды дүрбелеңге салынбауын, тек ресми дереккөзге сенуін сұраймын. Қазіргі уақытта өңірлерде ғимараттар мен құрылыстардың, оның ішінде қорғаныш гидротехникалық объектілердің бұзылу ықтималдығына комиссиялық тексеру жүргізілуде», – деді Сырым Шәріпханов.

Сондай-ақ оқыңыз