Алматыдағы Сейсмология институтына қосымша қаржы бөлінеді
Алдағы уақытта Алматыдағы Сейсмология институтына бөлінетін қаражат көлемі 4-5 млрд теңгені құрауы мүмкін. Нақты сома Ғылыми-техникалық комиссия отырысынан кейін белгілі болады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.
«Біз былтырдан бері мақсатты қаржыландыру бағдарламасы аясында институтқа бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтып жатырмыз. Қаражат тиісті жабдықпен қамтамасыз етуге, кадрлардың әлеуетін күшейтуге жұмсалады. Төтенше жағдайлар министрлігімен келісілген, биылғы жылға арналған ғылыми-техникалық тапсырмалар тізімі бар», – деді Саясат Нұрбек үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Ғылым және жоғары білім министрі қосымша қаржы Сейсмология институтына бөлінетін қаржы оны жаңғыртуға жұмсалады деді.
«Институтты қолдау аясында цифрландыру саясатына да назар аударылады. Біздің тарапымыздан тиісті қаржыландыру болады», – деп қорытты ойын
Саясат Нұрбек.
Ғылым академиясының барлық деңгейінде де трансформация жүріп жатыр. Саясат Нұрбектің айтуынша, жаңа ережелер әзірленген.
«2-3 аптадан кейін жаңа академиктерді сайлау процесін бастаймыз. Қазір Академия қоғамдық ұйым негізінде жұмыс істейді. Мұның күші жойылады. Академиктерді іріктеу байқауының жаңа рәсімі басталады. Ғылымға үлес қосып, еңбек сіңірген академиктер «Құрметті академик» мәртебесін алады», – деді.
Ғылым және жоғары білім министрі іріктеудің жаңа талабына сәйкес, ғалымның жасынан бұрын халықаралық журналдарда жарияланған мақалалары мен нақты ғылыми жаңалықтарына және жүзеге асырған жобаларына назар аударылатынын атап өтті.
Журналистің: «Қазақстан Ғылым академиясы төралқасының құрамы қаншалықты өзгереді?» – деген сұрағына министр: «100%», – деп жауап берді.
Осыған дейін Саясат Нұрбектің астаналықтарға жер сілкінісі туралы уайымдауға себеп жоқ дегенін жазған болатынбыз.
Журналист министрден: «Алматыда болған жер дүмпуі неге Астанаға дейін жетті? Себебін түсіндіре аласыз ба?», – деп сұрады.
«Жер асты дүмпуі, сейсмикалық толқын айтарлықтай қатты болды. Рихтер шкаласы бойынша сілкініс 6,5-7 баллды құрады. Жер асты думпуі Орталық Қазақстанға да әсер етті. Ол оңтүстіктен солтүстікке бағытталды. Сондықтан әлсіз болса да оны Астана тұрғындары да сезінді», – деп жауап берді Саясат Нұрбек.
Ескерте кетейік, сейсмологтар алдағы күндерге болжам жариялады. Оған сәйкес елімізде 7 балдық жойқын зілзала күтілмейді.
«Сейсмологиялық байқаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығының сейсмикалық ахуалды бағалау жөніндегі комиссиясының Кезектен тыс отырысының қорытындысы бойынша, алдағы күндері Алматы болжау полигонының аумағында магнитудасы 5,6 ал қарқындылығы 7 балл және одан жоғары баллды құрайтын (MSK -64 – сейсмикалық шкаласы бойынша) күшті жер сілкіністері 70% ықтималдықпен күтілмейді», – делінген хабарламада.
Орталықтың хабарлауынша, қазіргі уақытта Қытай мен Қырғызстан шекарасында 23 қаңтарда 00 сағат 09 минутта 7 магнитудасымен болған жер сілкінісінің афтершогы бәсеңдеп жатыр.
Еске сала кетсек, ҚР ТЖМ «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісі тіркелді.