Сот жалғасады: Экология министрі NCOC-пен арадағы мәселе заң шеңберінде шешілетінін айтты

Жарияланды
Министр Қашаған операторы сотқа шағымданғанын растады / коллаж kursiv.media

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Bloomberg агенттігінің Қашаған операторы туралы мақаласына қатысты пікір білдірді.

Журналистер Нысанбаевтан «NCOC-қа салынған айыппұлды кешіресіз бе?» деп сұрады. Өз кезегінде Министр компания жұмысынан заң бұзушылықтар анықталғанын растады. Ол мәселенің барлығы заң шеңберіне шешілуі тиіс екенін айтты.

«Құрылымдық бөлімшеде, атап айтқанда, Атырау облысы бойынша экология департаментінде жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша 1 млн тоннаға жуық күкірттің артық қоймасы анықталды. Стандарт 750 мың сақтауға мүмкіндік береді. Ал бұл көлем үшін 2 трлн 300 миллиард теңге айыппұл салынды. NCOC Астана қаласының сотына шағым түсірді. 10 тармақтың үшеуі олардың пайдасына шешілді. Соның ішінде күкіртті артық сақтау. Біз келіспедік, кассациялық шағым түсірдік, бүгін қаралып жатыр. Барлық мәселе заң шеңберінде шешілетін болады», – деді министр.

Министр ешқандай келісім жасалмағанын тек заң талабына сай жұмыс жүргізіп жатқанын тағы да баса айтты.

«Қоршаған ортаны қорғау министрлігі тексеріс жүргізді, нәтижесінде айыппұл салу туралы ұйғарым шығардық. Бүгін өз тарапымыздан тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұл мәселе сотта шешіледі. Сондықтан сот шешімін күтеміз», – деді Нысанбаев.

Ол, консорциуммен әлеуметтік жобаларға инвестиция салу туралы келісім жасалғанын растамады.

«Мен растай алмаймын. Өз тарапымнан растай алмаймын. Өйткені, өз құзыреттілігіміз шеңберінде жұмыс істеп, бүгінде осы компаниямен соттасып жатырмыз. Заң бұзушылық үшін – 2 триллион 300 млрд теңге салынды. Ол ақшаны мен алмаймын, айыппұлды есептеу әдістемесі осы соманы шығарып берді», – деді ол.

Вloomberg мақаласы

Еске сала кетсек, Вloomberg басылымы Қашаған оперторлары айыпұл мәселесін шешу үшін Қазақстан үкіметімен келіссөз жүргізді деп жазды. Басылым осы мақсатта 200 млн доллар көлемінде инвестиция салуды қарастырғаны туралы ақпарат таратқан. Сондай-ақ компания күкірт көлемін барынша азайтатынын алға тартқан.

«NCOC халықаралық серіктестері 200 млн АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай өтемақы мәселесін талқылап жатыр. Бұл қаражатты әлеуметтік жобаларға жұмсау ұсынылып отыр», – деп жазды Вloomberg.

Сонымен бірге келіссөздер сәтті жүзеге асатын болса бірқатар шаралар қаралатыны да хабарланған. Атап айтқанда оператор Қашаған кен орнын кеңейтуі ықтимал. Соның ішінде жаңа газ өңдеу зауыттарын салуға ниетті екені жазылған, бұл мақалада.

Осы даулы жағдайға байланысты Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пікір білдіріп, Қазақстан Қарашығанақ пен Қашаған мұнай-газ кен орындарының операторлары – KPO мен NCOC компанияларын сотқа бергенде, пайда табуды көздемейтінін мәлімдеген.

Ал министр Ерлан Нысанбаев сот процесі ұлттық және халықаралық құқық аясында жүргізілетінін мәлімдеді. Ол сондай-ақ Қашаған кен орнының операторына 5,1 млрд доллар айыппұл салу мәселесін сотты айналып өтіп шешуді көздемейтінін мәлімдеді. 

Сондай-ақ оқыңыз